Ризабек Ожаров Қызылорда облысының прокуроры болып тағайындалды
АСТАНА. 30 қаңтар. Мемлекет басшысының келісімімен, Бас прокурордың бұйрығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ризабек Ожаров Қызылорда облысының прокуроры болып тағайындалды. Бұл туралы Бас прокуратура баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ризабек Кәрімұлы Ожаров 1972 жылы Алматы облысында туған. Отбасылы, үш баласы бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін юриспеденция мамандығы бойынша бітірген.
1996-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет істеген.
2017-2019 жылдары Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары болып қызмет атқарған.
2019 жылдан жаңа тағайындауға дейін Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметін басқарды.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған.
Қызылорда облысының бұрынғы прокуроры Бижанов Нұрлан Дәуренұлы 2023 жылы қыркүйекте лауазымынан босатылған болатын.