Антикор Нұрәлі Әлиевтің дабыл жүйесіне жұмсаған қаржысын тексеруге кірісті
АСТАНА. 26 қаңтар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі байырғы президенттің жиені Нұрәлі Әлиевтің күшті жер сілкінісінен хабар беретін жабдығына жұмсалған қаржы жайын тексеруді бастады. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Агенттіктің арнайы тобының қызметкерлері шығындардың негізділігін, мемлекеттік сатып алудың заңдылығын зерттеуге кірісті. Антикордың өңірлік департаменті тиісті аудиторлық тексеруді бастады», – делінген агенттік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали 2018-2023 жылдар кезеңінде сейсмикалық жағынан қауіпті барлық өңірлерге сейсмика қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бөлінген бюджет қаржыларының жұмсалу мониторингін жүргізуді тапсырды. Оларға Алматы қаласынан бөлек, Шымкент шаһары, Абай және Жетісу облыстары, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары жатады.
«Мониторинг барысында бақылау-қадағалау органдарын тексеру нәтижелерін, сот-тергеу практикасын, ғылыми ұйымдардың қорытындыларын зерделеу және осы өңірлерде құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын сақтау, азаматтардың өтініштері мен БАҚ-тағы жарияланымдарды талдау көзделген», – делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг шеңберінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да мәселелері зерттелетін болады.
Еске сала кетейік, қаңтардың 23-іне қараған түні Алматыда орын алған жер сілкінісінің барысында құны 1,1 млрд теңге тұратын, өткен жазда ғана сатып алынған күшті жерасты дүмпулері жөнінде хабар беретін автоматты жүйенің алдын ала іске қосылып, дабыл қаға алмай қалғаны белгілі болды. Осыдан кейін «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов аталған жабдықтың бұрынғы президенттің жиені Нұрәлі Әлиевтің меншігіндегі компания екенін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қаңтар күні Алматыда өткен сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте Бас прокуратура мен антикорға жабдықтың іске қосылмай қалу себебін анықтауды тапсырған болатын.