Н.Нәлібаев: Қызылорда қаласында қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешіледі
АСТАНА. 7 желтоқсан. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығында қоғамдық көлік мәселесі таяу арада түбегейлі шешімін табатынын мәлімдеді. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін мұның жайын аймақ басшысы Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тарқатып айтты.
«Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы 150 жаңа автобус алдық. Биыл қосымша 50 автобус әкелінді. Қалған 100 автобус келесі жылдың басында тапсырылады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы өзінің сөзінде.
Бұл – жақын арада аймақтың бас шаһарындағы қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешіледі деген сөз.
Қазір Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал салынуда. Пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейс бойынша 55 автобус маршруты ашылады. Олардың қатарында Ташкент қаласына қатынайтын 1 халықаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка) және Ақтөбе қаласына 8 республикалық, сондай-ақ 46 ауданаралық рейс бар.
Қызылорда автовокзалы жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді.