Сыр бойында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады
ҚЫЗЫЛОРДА. 27 қараша. Қызылорда облысында таяу жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жоба шеңберінде 21 орта мектептің қатарға қосылатыны белгілі болды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды»,– делінген хабарламада.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында ұлттық жоба аясында 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Олардың 8-і Қызылорда қаласында, 4-і Арал ауданында, екі-екіден Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған, бір-бірден Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарында бой көтереді.
Қазір биылға жоспарланған 10 мектептің 9-ның құрылысы басталды. Олардың 5-і облыс орталығының еншісінде.
Сол сияқты аймақтағы 6 апатты мектептің 4-нің мәселесі осы «Жайлы мектеп» жобасы аясында өз шешімін табады. Сондай-ақ, 2 мектептің құрылысы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» мен жеке инвестордың есебінен жүргізіледі. Қалған 11 мектеп 2024 жылы салынады.