«Қазақстан халқына» қоры ауылдық жерлерді назардан тыс қалдырмайды
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қыркүйек. Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бүгін «Қор қызметі өңірлер үшін» атты дөңгелек үстел өткізді. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Дөңгелек үстел басындағы әңгіме «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ҮЕҰ өкілдеріне арналды.
Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басшысының орынбасары Лаура Шыңғысбаева және бірақатар үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, салалық басқарма басшылары, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларының өкілдері, қала, аудандар әкімдіктерінің қызметкерлері қатысты.
Жиында ашқан облыс әкімінің орынбасары қоғамдық қор жұмысының маңыздылығына тоқталып, үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсететінін жеткізді.
Бұдан кейін Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басшысының орынбасары аталмыш қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары жайлы сөз қозғады, бүгінге дейін жүргізілген жұмыстар жайлы әңгімелеп, алдағы жоспарларын таныстырды. Сондай-ақ, қордың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және оңалту, спорт салаларында жалпы сомасы 146,5 млрд теңгеге 40-тан астам қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын қаржыландыратынына тоқталды. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілетінін, жұмыс барысында ауылдық жерлер мен шағын қалаларға баса назар аударылатынын баяндады.
Қазіргі таңда,Қызылорда облысында 15 қайырымдылық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Олар 785,6 млн теңге сомаға қайырымдылық көмек көрсетті, алдағы уақытта түрлі салалар бойынша 2,1 млрд теңгеге қолдау жасауды жоспарлап отыр.
Жиында бірқатар үкіметтік емес ұйым жетекшілері «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басшысының орынбасары Лаура Шыңғысбаеваға қор қызметіне қатысты сұрақтар мен ұсыныстар білдірді.
Жиын соңында қордың қаржыландыруымен атқарылып жатқан барлық жұмыстар туралы толық мәлімет ашық ақпарат көздерінен қоғам назарына ұсынылып, мақсатты бағыттарын анықтауға қоғам мен қоғамдық институттарды белсенді түрде тарту мәселелері сөз етілді.