Фин бапкері Малинен: «Қазақстан – Финляндия матчының маңызы зор!»
АСТАНА. 7 қыркүйек. Финнің КТП командасының бас жаттықтырушысы Юха Малинен Қазақстан мен Финляндия арасындағы бүгінгі ойынның көп мәселені шешіп кететінін айтты. Бұл туралы Prosports.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Матч Еуропа-2024 чемпионаты іріктеу турнирінің Н тобы шеңберінде өтеді. Бесінші тур ойындарын бастап беретін бұл кездесу Астанадағы «Астана Арена» спорт кешенінде ойналады. Ол Астана уақытымен 20:00 сағатта басталады, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Біздің іріктеу тобындағы қазіргі ахуал мені біршама таң қалдырады. Мен, негізі, Дания бірінші нөмірлі болады, ал мәреге екінші болып жетуге Словения мен Финляндия жақын тұрады деп ойлап едім. Дәл қазіргі сәтке дейін ең үлкен тосынсый Қазақстан құрамасы болды, себебі ол даттардан ұпай тартып алды. Шамасы, бұл топта бәрі де мүмкін сияқты – өзіне өзі сенімді команда күшті болып шыға келеді. Бұдан бөлек, Словения Солтүстік Ирландияны ұтып шықса, ол да екінші позиция үшін күресе алатын болады. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан – Финляндия ойынының маңыздылығы орасан зор!», – деді Малинен.
Қазір төрт турдан кейін тоғыз ұпайдан жинаған Финляндия мен Қазақстан топ бастап келеді. Сол сияқты Дания мен Словенияда жеті ұпайдан бар. Ал Солтүстік Ирландия үш ұпай жинаса, Сан-Марино ұпайсыз келеді.
Айта кетейік, Юха Малинен бұған дейін Финляндияның жасөспірімдер құрамаларын, Қарағандының «Шахтері» мен Қазақстан жастар құрамасын (U21) жаттықтырды.