Тоқаев Ресейді айналып өтетін экспорт көлемін 5 есе арттыруды талап етті
АСТАНА. 1 қыркүйек. Қазақстан транзиттік әлеуетті нығайту ісінде Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағдарына айрықша көңіл бөлгелі отыр. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін, 1 қыркүйек, жұма күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында осы жайында да айтты. Қазақстан экспортқа шығарылатын тауарлары Ресейге соқпай өтіп кетуге мүмкіндік беретін көлік дәлізінің өткізу қабілетін ұлғайтуды көздейді.
«Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Бақты өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. «Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды», – деп нақтылай түсті сосын Тоқаев.
Президент Қазақстанға теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек екенін атап өтті. Онда Құрық портына айрықша мән берілуі тиістілігі де айтылады. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет.
«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Алдымен «Болашақ-Челябі» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет.
2023 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша, Қытайдан Еуропа елдеріне Транскаспий бағытымен транзитті жүк тасымалдау 77 пайызға ұлғайып, 1,3 млн тоннаға жеткен. Маусымның соңында Қазақстан, Сакартвело (Грузия) және Әзербайжан темір жолдарының ұлттық операторлары РФ-ның орнына Қытай компанияларын баламалы транзит ретінде пайдалану жобасын жеделдету үшін бірлескен компания құру туралы келісімге қол қойды.
Бұдан бір ай бұрын Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан лидерлері Еуропа одағы елдеріне жүк жеткізу үшін темір жол құрылысын жүргізу туралы келісім жасасқан еді.