Жалағаш ауданында мектеп директорлары әкімшілік жазаға тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 11 тамыз. Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы мектептерде порносайт көруге еш тосқауыл болмаған. Бұл туралы Massaget.kz сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Аудандық прокуратура сондай келеңсіздіктің біріне «Жаңаталап» ауылында кезікті. Осы елді мекендегі №119 орта мектепте біреулер сабақ уақытында порносайт іздеген.
Аудандағы басқа оқу ошақтарында да порнография, құмар ойындар сайттары, заңды жолмен тыйым салынған басқа да дүниелер ашық түрде қолжетімді болған. Шын мәнінде бұларды шектеу қиын емес. Мұндай қызмет түрін «Қазақтелеком» ұсына алады.
«Аудандағы барлық 20 мектеп басшылығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 7-2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, оларға 345 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал 8 мектеп байланыс операторымен жаңа шарт жасасса, 12 мектеп үшін бюджеттен 7,5 миллион теңге бөлінді», – делінгенді облыстық прокуратура хабарламасында.
Олқылықты жаңа оқу жылы басталғанша жою міндеттеліп отыр.
Жансая НҰРҚОЖА