Қырым көпірінде жарылыс орын алды. Екі адамның қаза тапқаны айтылды
МӘСКЕУ. 17 шілде. Бүгін түнде Қырым түбегін Краснодар өлкесімен жалғастыратын көпірде жарылыс болды, қозғалыс тоқтады, екі адамның қаза тапқаны анықталды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қырымның басшысы Сергей Аксеновтың мәлімдеуінше, 17 шілде күні түнде көпірдің үстінде «төтенше жағдай» орын алған. Кремльмен кіндіктес телеграм-каналдар Мәскеу уақыты бойынша сағат 3:04-те және 3:20-да Украина Қарулы күштері тарапынан көпірге екі рет соққы берілген. Нәтижесінде екі адам қаза тауып, бір бала зардап шеккен.
«Төтенше жағдай Краснодар өлкесі жақтан санағанда 145-ші тірек ауданында болған. Құқық қорғау органдары мен барлық жауапты қызметтер жұмыс істеуде», – деп жазды губернатор.
Билік Керчь бұғазындағы барлық қозғалысты – автомобиль қатынасын да, теміржол байланысын да тоқтатып тастады. Сондай-ақ паром өткелі де жабылды. Дегенмен, жақын арада пойыз бен паром қатынасы қалпына келтіріледі деп жатыр.
Readovka Қырым көпіріне ракетамен соққы берілгенін баяндады, нәтижесінде бір тірек қиратылып, екі аралық белдеу құлап кеткен. Кейін түбектің көлік министрлігі жарылыстан Қырым жағынан шығатын жолдың табанына да залал келтірілгенін анықтады.
«Кем дегенде, екі адам қайтыс болған, тағы бір адам жарақат алған», – деп жазды Baza.
Канал жарылыстан бір отбасы мүшелері отырған машинаның зардап шеккенін жеткізді. Ондағы ата-аналар қаза тауып, кішкентай қыз кеселханаға түскен. Қиратылған көлікте Белгород облысының нөмірі болған.
Кейінірек Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков бір ер кісі мен әйелдің қазаға ұшырағанын растады. «Кішкентай қыз жараланды, жарақаты – орташа деңгейде… Ең ауыры – оның ата-анасы, әкесі мен шешесі қаза тапты», – деп жазды ол.
Краснодар өлкесінің жедел штабы көпір үстінде болған бір жасөспірімнің зардап шеккенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол жабық бас-сүйек жарақатын алған.
«Қазір көпірдің шығар аузында көптеген шақырымға созылған кептеліс пайда болған» деп баяндады Baza. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері көпірден өткілері келгендердің бәрін кері қайтаруда.
Украина әскери барлауының өкілі Ондрий Юсов көпірдегі жарылыс хақында түсіндірме беруден бас тартты. Ол тек мемлекеттік барлау басқармасының бастығы Кирил Будановтың «Қырым көпірінде артық құрылғылар көп» деген сөзін ғана қайталады.
Украина Қарулы күштері Қырым көпіріне шабуыл жасауды 9 шілде күні де қолға алған болатын. Сол жолы Ресей әуе шабуылына қарсы жүйесі Керчь ауданында бір қанатты ракетаны атып түсірді.
«Қырым көпіріне шабуылды Украина қауіпсіздік қызметі мен әскери-теңіз күштері жоспарластырды», – деп жазды «РБК Украина» мен ВВС (Би-би-си).
«Көпірге су асты дрондары шабуыл жасаған. Көпірге дейін жету оңай болған жоқ, бірақ ол ақыр соңында мұны жасай алды», – деді қауіпсіздік қызметіндегілер Би-би-си тілшісіне.
Мәскеу бұл оқиғадан кейін Қырым көпірі аумағына қосымша қауіпсіздік шараларын енгізбейді. Журналистермен әңгімесінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің жарылыс себебін білетінін айтты. «Қазіргі мәурітте әлдеқандай бір қосымша шаралар жайлы сөз қозғалған жоқ», – деді ол. Кремль өкілінің айтуынша, РФ-ның барлық қызметтері мен ведомстволары Киев тарапынан болуы ықтимал шабуылдардың бәріне дайын.