Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Күйгелектенген Путин майдандағы ахуалдың оң бағытта екенін айтты

МӘСКЕУ. 16 шілде. РФ диктаторы Владимир Путин соғыс басталғалы бері бір жарым жыл өткеннен кейін де ресейліктерді «бәрі жоспар бойынша» жүріп жатқанын айтып, сендіргісі келетін ниетін байқатты. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына ден қойған rast.kz хабарлайды.

Кремльдің қожайыны Ресей армиясының майдандағы жағдайы жақсы екенін имандай сеніп отыр. Ол 16 шілде күні эфирге шыққан «Москва. Кремль. Путин» деген насихаттық хабарда өз армиясының украин жеріндегі соғысына қатысты осындай пікір білдірді.

Мәлімдемесінің мазмұнына қарағанда, Путин майдандағы жағдай жөнінде жарытымды ештеңе біле қоймайтын сияқты. Бұған оның РФ қарулы күштері майданның кейбір шептерінде ілгері жылжи бастады деген сияқты сандырағы айғақ. Бірақ диктатор оккупанттардың тап қай жерде табысты соғысып жатқанын ашып айта қоймады.

«Біздің әскерлеріміз жанқиярлықпен соғысып жатыр. Бірқатар учаскелерде өздері шабуылға шығып, барынша қолайлы позициялар мен биіктерді алуда… Жаудың біздің қорғаныс шебімізді бұзып өтпек болған әрекеттері… шабуылдың барлық кездерінде сәтсіз аяқталып жатыр… Дұшпанның ешқандай табысы жоқ», – деп баяндады ресейлік тиран сосын.

Алайда осыны айтқан кезінде оның жүзі тұнжыраңқы еді, күйгелектеніп тұрғаны да анық көрініп тұрды.

Диктатор сонымен қатар журналистің бүгінгі таңда РФ армиясының алдында тұрған мақсат қандай екені жайындағы сұрағына жауап бере алмады.

Осы эпизодтың бәрі ресейлік блогер Анатолий Несмиянның назарынан тыс қалмапты. Ол «арнайы соғыс операциясы» дегенннің басталған шағында осы Путиннің жұрттың бәріне естіртіп, Украинада «демилитаризация» мен «денацифкация» жасайтынын мәлімдегенін еске салып өтті. Қазір бұл ол жайында ләм-мим деп жақ ашпайды, мұның орнына украин ерлерінің қарсы шабуылының алдына түсіп қаша бермегені үшін өз армиясын мақтауды көбейтті. «Оның баянындағы «Киевті үш күнде басып алу» бопсасы мен «біздің әскерлердің жанқиярлық ерлігі» арасындағы алшақтықтың жайы бүгінде ешкімді ойландырмайтыны қызық», – деп жазады ресейлік блогер.

Атап өтейік, РФ армиясының Украинадағы жағдайы Путин айтқандай, соншалықты жақсы емес. Нашар. Ахуалды ұдайы бақылап отырған сарапшылар, – соның ішінде ресейліктер де бар, – Украина Қарулы күштерінің жаудың нығайтылған бекініс шептерін біртіндеп бұзып тастап келе жатқанын мейлінше тиімді тактика деп есептеп отыр. Украина әскерлерінің сондай-ақ резервтерін іске қосқаны жөнінде де ақпарат жоқ, ал Ресей армиясында ешқандай резерв қалмағанын z-әскери тілшілерінің өздері ашықтан ашық жазып жатыр.

Мұның орнына ресейлік пропагандистер украин қорғаушыларының күн сайын бір сүйем жер болса да ілгері қарай жылжып келе жатқандарын растап отыр. Мысалы, бүгін ресейлік терроршы, ДХР деп аталатын аумақтың бұрынғы қорғаныс министрі Игорь Стрелков-Гиркин РФ армиясының Донецк облысындағы Старомайорское селосын да беріп шыққанын жазып, байбалам салуда. Мұның Ресей әскерлері үшін барынша қатерлі екенін де атап өтті.

Екі жақ бұл елді мекен үшін соңғы үш ай бойы шайқасыпты. Украиндар мұның алдында, маусымның ортасында осы маңдағы Макаровка, ал 26 маусымда Ровнополь селоларын азат еткен екен.

Украин Қарулы күштері соңғы тәулікте Бахмут бағытында да бірнеше маңызды позицияларды басып алған. Оккупанттар сөтке ішінде 500-ден аса жауынгерінен айырылған. Бұдан бөлек, Купянск бағытында да едәуір табыстар бар.

Бүгін украин дрондары сондай-ақ Севастопольге қауырт шабуыл жасап, біраз әлек салған.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button