Тоқаев РФ-дағы бүлікке орай қауіпсіздік кеңесіне бірнеше тапсырма берді
АСТАНА. 25 маусым. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі әскери бүлікке байланысты қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізіп, бірнеше мәселенің ұштығын шығарды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Жиын барысында Мемлекет басшысы Ресей Федерациясындағы жағдайға байланысты берген тапсырмаларын орындау шаралары туралы премьер-министрдің, бас прокурордың, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, қорғаныс, ішкі істер және сыртқы істер министрлерінің баяндамаларын тыңдады», – делінген хабарламада.
Ақорда бұл оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екеніне қарамастан, Қазақстан азаматтарының да алаңдаушылық танытқанын алға тартты. Себебі, Қазақстан мен Ресей шекаралас елдер, олардың арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Бұған қоса, Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып табылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Владимир Путинмен сөйлесу барысында Ресей билігінің конституциялық тәртіпті орнату және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларын қолдағанын еске салды. Мемлекет басшысы әскери іс-қимылдарды тоқтату жөніндегі келісімді құптады.
Президент кез келген мемлекеттің ішкі саясатында, соның ішінде Қазақстанда да, қоғамдық тәртіп пен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі қағидаты басты басымдық болуға тиіс екенін айтты.
Отырыста еліміздің қаржы-экономикалық тұрақтылығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екені сөз етілді. Президент барлық ведомство басшыларына дағдарыс жағдайындағы ықтимал қатерлерге қарсы әрекет етуге дайын болуды тапсырды.
Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет әзірлеген шұғыл іс-қимыл жоспарын мақұлдады.