Туыстары «қару ұрлады» делінген жауынгер жайлы айтты
ШЫМКЕНТ. 22 ақпан. Шымкенттің түбіндегі әскери бөлімнен сонда әскери борышын өтеп жүрген жерінен қару-жарақ алып қашты делінген сержант Абылай Балғынбай туралы жақындары айтып берді. Бұл туралы Neonomad хабарлады.
Жауынгер Абылай Балғынбайдың немере туысы Нұрдәулет Балғынбай оның отбасындағы бес баланың үлкені екенін жеткізді. Одан кейін бір қарындасы және үш інісі бар екен. Олардың отбасы Шымкент түбіндегі «Қайнар» деген ауылда тұрады.
«Бүгін таңертең оның ата-анасын құқық қорғау органдарының қызметкерлері Бадамға кетті. Бәлки, тергеу үшін әскери бөлімге апаратын шығар. Бұл кісілер жұмыс істемейді, үйде отыр. Абыайдан кейін тағы бір ұл бар, сол құрылыста жұмыс істеп жүр, – деді Нұрдәулет Балғынбай.
Нұрдәулеттің айтуынша, Абылай 2015 жылы Шымкентте автотехника колледжін бітірген, орта арнаулы білімі бар. Ол сондай-ақ Абылайдың бірнеше жылдан бері Бадамдағы әскери бөлімде қызмет етіп келе жатқанын айтты.
«Ол – өте ашық, жақсы жігіт. Ешкіммен жанжалдасқан емес. Соңғы рет мен онымен бұдан аптаға жуық бұрын сөйлескем. Өзін әлдекімнің ренжітіп жүргені жайында бір сөз айтқан жоқ. Жалпы, менімен өзінің ешбір проблемасы туралы ой бөліспеді. Мен онымен жиі сөйлеспейтінмін. Қазір Интернетте менің немере бауырым жайлы әңгімелеп гулеп жүр», – деді ол.
Абылаймен мектепте бірге оқыған сыныптасы Еркебұлан да ол жөнінде жақсы ойлар айтты.
«Иә, біз бірге оқығанбыз. Менің сыныптасым. Ол салмақты болатын, ешқашан ешкіммен төбелескен емес, сабақты төрт пен беске оқыды. Ерекшеленген жері жоқ. Оның әскери бөлімде қызмет етіп жүргенін естігенмін», – деді ол.
Абылай Балғынбай 1995 жылғы 11 тамызда туған. 2016 жылдың шілдесінен бері келісімшарт бойынша № 10216 әскери бөлімде қызмет ете бастаған. Өткен жылдың қазан айынан бері бөлімше командирі болып келе жатқан, желтоқсан айында кіші сержант атағын алған.
Бұдан алдын WhatsApp желісінде ақпанның 19-нан 20-на қараған түні кіші сержант Абылай Балғынбайдың қызмет орнын өз бетінше тастап кеткені жайлы ақпар тарады. Сонымен бірге, оның әскери бөлімнен 30 Калашников автоматын, 27 Макаров тапаншасын, 444 патрон алып кеткені айтылып, суреті қоса жарияланды.
Артынша Facebook әлеуметтік желісінде бұл оқиға қызу талқыланып кетті. Онда бір адамның осыншама қаруды алып кете алмайтыны, оған дене қуаты жетпейтіні, қалғандарын айтпағанда, мұндағы 30 автоматтың өзінің салмағы кемінде 105 кг болатыны жайлы пікірлер аса көп басымдық алды.
Кейіннен жауынгердің қолға түскені туралы да хабар тарады.