Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Ресейде тұратын қандастарымыз қазақ тілін үйренуге құштар

Көрші Ресейдің Магнитогор қаласында үш мыңдай қандасымыз тұрады. Соңғы жылдары  мұнда қазақ тіліндегі шаралар жанданып келеді.

Биыл екінші рет «Көктем нұры» фестивалі өтті.

Фестиваль атына сай, мамыр айында айналаның бәрі гүлдеп, көктемнің құлпырған сәтіне ыңғайластырылады.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп халқымыз бекер айтпаған. Атажұрттан шет жүрсе де, Магнитогор қаласында тұратын қандастарымыздың арасында өнерлілері де аз емес.  Өткен жылы фестивальге 34 адам қатысса, биыл сахнада өнер көрсетуге 50 өнерпаз тілек білдірген. «Олардың ең кішісі 5 жаста, ал ең үлкені алпыстан асқан кісілер. Биыл қаладағы «Ана тілі» үйірмесіне барып, тіл үйреніп жүрген көптеген қатысушылар қазақ тілінде көркемсөз, өлең оқыды» дейді фестивальдің өтуіне мұрындық болып, бастама көтерген «Достар» қазақ мәдени-демалыс орталығының ұйымдастырушысы Жанна Жақаева.

Биыл фестиваль тек Магнитогор қаласын ғана емес, оның айналасындағы елді мекендерді де қамтыды. Оған Верхне-Уральск қаласынан және Нағайбақ, Кызыл, Верхне-Уральск райондарынан өнерпаздар қатысты. Фестиваль қызығын тамашалауға келген көрермендер үш жүз орындық Мәдениет сарайына лық толды.

«Қазақтар халқымыздың ұлттық өнеріне, ән мен күйіне сусап отырады. Соңғы жылдары  қалада қазақ тілін үйрететін «Ана тілі» үйірмесі ашылған болатын. Оған барып, қазақ тілін үйренетіндердің қарасы да мол. Қалалық Достық үйі қазақ тілін үйрететін мұғалімге,  балалардың би ансамбілінің хореографына және ардагерлердің «Мереке» ансамблінің жетекшісі әрі әдіскердің алаңсыз жұмыс істеуіне қолдау көрсетіп отыр» дейді Жанна Жақаева.

Челябі облысы қазақтарының ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымдарының Қостанай облысымен тығыз байланысы жалғасып келеді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button