Бас прокуратура жұртты Әбіләзовтен сақ болуға шақырды
АСТАНА. 21 ақпан. Бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Петерс бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында брифинг өткізіп, қоғамды арандату әрекеттеріне ұрынып қалмауға шақырды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
«Баршаңызды қоғамымызға іріткі салып жүрген қандықол қылмыскердің әрекеттерінен сақ болуға шақырамыз», – деп бастады ол сөзін.
Оксана Петерстің мәлімдеуінше, Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы – экстремистік ұйым. Ұйымды Мұхтар Әбіләзов басқарады.
«Естеріңізге салайық, 90-шы жылдары ол бизнесте болып, кейін «KEGOС» ұлттық компаниясын және Энергетика министрлігін басқарған. Көп ұзамай, ол заңды белден басып ұры, жемқор, алаяқ және адам өлтіруші қылмыскерге айналды. Энергетика министрі кезінде жемқорлық жасағаны үшін 2002 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған.
Қылмысына өкініп, мемлекет басшысы мен халықтан кешірім сұрап, түзелуге уәде берген еді. Кешірілген соң, бостандыққа шығарылды. Алайда, байлыққа құнығып, қылмыстық әрекеттерін әрі қарай жалғастырды», – деді ол бұдан әрі.
Айтуынша, Әбіләзовтің 2005 жылы бизнес серіктесі, БТА-банктің төрағасы Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны ашық сотта дәлелденген. Қылмыскер Тоқмади Тәтішевті аң аулау кезінде Әбіләзовтің тапсырысымен өлтіріп, оны жазатайым оқиға ретінде көрсеткенін, ол үшін 4 млн АҚШ долларын алғанын мойындаған. Банкирді өлтірткен соң, Мұхтар банкты иеленіп, басқару жүйесіне өзінің сыбайластарын тағайындап, қылмыстық топ құрған.
Бұдан әрі Петерстің брифингте оқып берген мәлімдемесінің тезисі былай жалғасады (біз тек оның грамматикалық және пунктуациялық қателерін жөндедік):
«Әбіләзовтің қылмыстық қитұрқы әрекеттері сан түрлі болған. Өзі құрған фирмаларға жалған құжаттар арқылы миллиардтаған несиелер беріп, оларды жеке пайдасына жаратып отырған. Мысалы, өз бақылауындағы жарғылық капиталында небәрі 92 мың теңгесі болған «Рамбурс» серіктестігіне 103 млрд теңге несие берген. Ұрланған қаражаттарға Әбіләзов акциялар, элиталы үйлер мен пәтерлерді сатып алған. Отбасына 3 ұшақ сатып алып, олардың пайдаланылуына банктен жылына 1 млрд теңге төлеп тұрған. Қылмыстары әшкереленген соң 2009 жылы Ресейде, кейін Англияда, 2012 жылы Францияда бас сауғалады. Шетелде жайлы өмір сүру үшін, алдын ала қаражатты оффшор арқылы елден шығарып алған.
Оффшор дегеніміз – шетелдік компанияларды ешкім тексермейтін, бақыламайтын, шынайы қожайындары белгісіз, салық төленбейтін, қылмыстық қаражаттарды жасыруға оңтайлы мемлекеттер. Ол оффшорлық мемлекеттерді пайдаланып, 7,5 млрд АҚШ долларын жымқырған.
Әбіләзовтің алаяқтық әрекеттерінен қазақстандықтар ғана емес, француздар, немістер, америкалықтар мен басқалар да зардап шегуде. Миллиардтарды жымқырғаны үшін Ресей, Украина мемлекеттері оған іздеу жариялады. Өткен жылы Нью-Йорк соты Әбіләзовтің «саяси қудалаудамын» деген уәжін теріске шығарып, оны айыпты деп таныды. Лондонның Жоғарғы соты Әбіләзовті «алаяқ» деп танып, одан 4 млрд АҚШ долларын өндіруге, жалған жауап бергені үшін 22 айға бас бостандығынан айыруға үкім кескен. Англия Ішкі істер министрлігі босқын мәртебесінен айырған соң Францияға қашып кеткен. Сол жерде өзін Қазақстан билігінің қудалауында жүрген саяси қайраткер ретінде танытып, демократия үшін күресушінің имиджін қалыптастыра бастады. Оның осы екіжүзділігінің мақсаты – қылмыстық жауаптылықтан жалтару.
Айта кететін жәйт, 2017 жылы «Кешкі Бішкек» басылымына берген сұхбатында, Әбіләзов Қазақстанға су беруді тоқтатуды ұсынған. Осылайша, елдің оңтүстігін құрғақшылықтан зардап шеккізуге ұмтылған. Қазіргі таңда оған қатысты көптеген азаматтық процестер жүргізілуде. Бүгінде 1 млрд АҚШ долларынан астам қаражат қайтарылды. Қылмыстық істер бойынша 8 айыптау үкімі шығып, 42 адам сотталған. Жымқырылған қаражатты қайтару мен оны жауаптылыққа тарту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
Құрметті отандастар! Бүгінде Әбіләзов халық мүддесін желеу етіп, жалған ұранмен азаматтарды заңсыз акцияларға үгіттеуін жалғастырып келеді. Ол сіздерді қоғамда әлеуметтік алауыздық және ұлтаралық қақтығысты тудыру үшін пайдалануда. Оған бір-бірімізге деген сенімімізді жоғалтқанымыз тиімді.
Әбіләзовтің көксегені – еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың амандығы емес, жеке басының мүддесі, мансабы. Ол қылмыстық жауаптылықтан құтылуды көздейді. Бұрын өзі жымқырған сіздердің қаражаттарыңызды митингке шыққандарға төлеуде. Біз сіздерді арандатушылыққа бой алдырмауға, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырамыз».