Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Димаштың Қазандағы концерті керемет болды

ҚАЗАН. 21 ақпан. Кеше түнде қазақстандық әлемге танымал өнер жұлдызы Димаш Құдайберген Татарстан астанасындағы «Татнефть Арена» мұз сарайында жеке концерт берді. Бұл туралы «Татар-информ» хабарлады.

Димаш Қазанға ақпанның 20-на қараған түні сағат 01-30-да ұшып келді. Әлденеше ондаған фанат оны әуежайда дүрілдетіп күтіп алды. Ол мұнда ата-анасы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Светлана және Қанат Айтбаевтармен бірге жетті. Жергілікті әнсүйер қауым оларға да ерекше құрмет көрсетті.

Фанаттар кездесуге мұқият дайындалған екен – олар сүйікті әншілері алдынан үлкен торт, гүл шоқтарын, алуан түрлі сыйлықтар алып шықты. Тартулар арасында башқұрттың ұлттық музыкалық аспабы да болды.

Әнсүйер қауым қара көзілдірік тағып алған өнер жұлдызы алыстан көрінгеннен залды жаңғырықтыра «Ди-маш! Ди-имаш!» деп айқайлай бастады. Қатты тебіреніп кеткен әртіс оларға қарап бас иіп, тағзым етіп, қолын бұлғады.

«Біз сізді Татарстанда асыға күттік. Кезекті мәрте. Біз сізді қатты сүйеміз», – деп бір-бірін қайталады фанат қыздар. «Үлкен рахмет!» деп оларға жауап қатты әнші әдеттегідей өзінің қарапайымдылығын танытып.

Димаш аэропорт залының бойымен сыртқа беттеп келе жатқанда өзін күтіп тұрған әскери формалы ақсақалға арнайы бұрылып, сәлем берді. Сол жерде екеуі аз-кем сөйлесіп алғаннан кейін қатар тұрып, суретке түсті. Фотоаппарат жарқылы жарқ етер алдында әнші көзілдірігін шешіп алды. Бұдан кейін ардагерді ортаға алып, анасы мен әкесі үшеуі тағы объективтің алдында тұрды.

Айтқандай, Қазан аэропортында Димашты күтіп алушылар арасында тек Татарстан астанасының тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Канададан, Финляндиядан, Димаштың отаны – Қазақстаннан келген қонақтар да болды.

«Ал бұл аралықта Қазанға dears (әншінің фанат қыздары өздерін осылай атайды – Ред.) келіп жатыр. Қазанға қош келдіңіздер!!! Welcome to Kazan. Қазандағы ауа райы жылы, градусникте – 0, аздаған қар жауып тұр», – деп жазды фан-парақшада бір қыз.

Концерт кезінде 10 500 орындық «Татнефть Арена» мұз сарайының іші көрерменге лық толды. Сарайдың хоккей айдынына партер аймағы орналасты. Мұнда да Краснодардағыдай аншлаг болды. Фанаттар концерт билетінің құны 3 мыңнан 35 мың рубльге дейін барғанына да қараған жоқ.

Әнші сахнаға көтерілген бойда бірінші ағылшын тілінде шырқады. Бұдан кейін басқа әндеріне де кезек келіп жатты. Бір таң қаларлығы, залдағы көрермен әуен қай тілде шырқалғанына қарамастан, соны әншімен жарысып айтып отырды.

Димаш Құдайберген кез келген концертіндегідей бұл жолы да фурор жасады. Себебі, әншінің мүмкіндігі шынында да адам таң қаларлықтай, оның вокал диапазоны алтыншы октаваға дейін алады. Концерттерінде қазақ, орыс, ағылшын, француз, испан, ханзу және басқа тілдерде шырқайды. Бұдан бөлек, алты түрлі музыкалық аспапта еркін ойнайды. Бұған қоса, өзі де ән шығарады. Және ән болғанда қандай! Бір сөзбен айтқанда, нағыз тума талант. Абай айтатын «Самородок сары алтын!» Мұны ол татар елінде тағы дәлелдеп берді.

Бұл – Димаштың Қазанға екінші рет келуі. Ол алғаш рет мұнда өткен жылдың жазында аялдап еді. Сол жолы бала жасынан қатерлі ісікпен ауыратын Лейсан Сейтназарованың өтініші бойынша ол емделіп жатқан Анжела Вавилованың хосписіне арнайы барды. Бұл науқас қыз үшін нағыз ғажайып, керемет тосын сый болды. Лейсан бұған жүрегі жарыла қуанды. Өкінішке орай, осы кездесуден кейін арада төрт ай өткенде, 7 желтоқсан күні 21 жасқа толған Лейсанның жүрегі соғуын тоқтатты. Бір тәуірі, Димаш оның мына өмірдегі ең соңғы тілектерінің бірін орындап үлгерді. «Періштенің таза жүрегі бар сүйікті қарындасым Лейсанның қазасын есту маған өте ауыр болды. Сенің жаның тыныштықпен қауышсын, ақ жарқын қыз. Алла сенің отбасыңа сабыр берсін», – деп жазды Димаш сонда өзінің Instagram-дағы парақшасына.

Бір айта кететін жайт, Еуропа елдеріне «Arnau Tour 2020» бағдарламасы бойынша гастрольдік турын мұның алдында, 16 ақпан күні Ресейдің Краснодар қаласында бастаған Димаш Құдайберген екінші кезекте Қазанға табан тіреді. Ал 23 ақпанда Екатеринбургке жол тартады. Бұдан әрі оның сапары Мәскеу, Рига, Киев қалалары арқылы Германия мен Чехияда жалғасады. Ол турнесінің соңғы нүктесін сәуір айында Минскіде қояды.

 



Читать далее: https://ru.sputniknews.kz/culture/20200221/12901875/dimash-kazan-kontsert-arnau-tour.html

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button