Түркия президенті тікелей эфир кезінде өзін нашар сезінді
АНКАРА. 26 сәуір. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған 25 сәуір күні тікелей эфир кезінде өзін нашар сезініп, құлап қала жаздады. Бұл туралы түріктің Sözcü газетінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқиға Kanal 7» және «Ulke TV» телеарналары арқылы жүріп жатқан тікелей эфир хабары кезінде орын алды.
Бағдарламаның аяқ жағына қарай «Ulke TV»-ның бас редакторы Хасан Өзтүрк үстін-үстін бірнеше сұрақ берген кезде Ердоған әрең жұтынып, өз командасы мүшелерінің біріне қарады. Камера қайтадан Өзтүрікке бұрылған кезде оның орнынан атып тұрып, кадрдың арғы жағындағы біреуге жәрдем беруге әрекет жасағаны байқалып қалды, бірақ Ердоған содан кейін экраннан көрінген жоқ. Редактор сол кезде жарнама жіберуге пәрмен берді, ал соңынан аздаған үзіліс салынып, трансляция қайта жалғасты.
Ұзаққа созылған паузадан кейін Ердоған тікелей эфирге оралды, көрермендерден кешірім сұрап, оларға денсаулық тіледі. «Кеше мен бүгін сайлау алды жұмыстар көп болды. Сондықтан мен асқазан тұмауын жұқтырып алдым», – деп ол ағынан ақтарылды. Президент сол кезде бұл сұхбатты кейінге қалдырмақ болғанын, алайда, артынан ол ойынан айнығанын айтты. «Біз уәде беріп қойғасын келу керек деп шештік», – деді ол.
Түрік лидері содан кейін тағы екі қысқа сауалға жауап берді. Сосын модератор «президент мырзаның демалуына мүмкіндік беру үшін» сұхбаттың уақыты аяқталатынын жеткізді.
Қазіргі күндері Түркия 14 мамырда өтетін президент және парламент сайлауларына дайындалып жатыр.