Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Парламент молдован тілін «румын тілі» деп атау жөнінде шешім қабылдады

КИШИНЕВ. 16 наурыз. Молдова парламенті екінші оқылымда барлық заңдардағы «молдаван тілі» деген тіркесті «румын тілі» деп өзгертуді қолдап дауыс берді. Бұл туралы молдован ресурстарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бұдан былай молдован тілі деген ұғым болмайды, ол енді «румын тілі» деп аталатын болады.

Конституция мен басқа да барлық құжаттардағы «молдован тілі» деген жазу «румын тілі» болып өзгертіледі. Парламент 16 наурыз күні «Әрекет және ынтымақтастық» (PAS) партиясының фракциясы ұсынған заң жобасын екінші оқылымда қолдап шықты.

Бастамада бұл өзгеріс заңнаманы Конституциялық соттың Молдова Тәуелсіздігі туралы декларация Конституция мәтінінен, соның ішінде мемлекеттік тілдің атауы бөлігінен жоғары тұрғаны туралы 2013 жылғы шешіміне сәйкес өзгертуге мүмкіндік беретіні атап көрсетілген.

Екінші бап Конституцияның 13-бабындағы «латын графикасы негізінде жұмыс жасаушы» деген анықтаманы ескірген синтагма деп мойындауды ұсынады. Құжат сондай-ақ мереке атауын «Limba noastră» дегеннен «Limba română» деп өзгерту керек екенін алға тартады. Енді осы барлық өзгерістер заң күшіне енгесін 30 күннің ішінде нормативті актілерге толық енгізілулері қажет.

Заң жобасын қолдап 58 депутат дауыс берді. PAS партиясының депутаттары дауыс беру нәтижесін «Браво» деген көтеріңкі дауыспен қуана қарсы алды. «Құттықтаймын. Бұл дауыс беру аздаған кешігумен өтті», – деп атап көрсетті парламент спикері Игорь Гросу.

Сонымен бірге, парламенттегі коммунистер мен социалистер фракциясы заң жобасына қарсы шықты. Олардың депутаттары отырысқа «Конституция Молдовы: Молдова, молдаване, молдавский», «Народ суверенен. PAS – тиран», – деген ұрандар ұстап келді. Олардың дені орыс тілді әрі ресейшіл парламентарийлер еді.

Молдован халқының басым көпшілігі, сондай-ақ көптеген лингвистер осы кезге дейін «молдован» және «румын» аталып келген тілдердің әртүрлі аталып жүрген бір тіл екенін ұдайы айтып жүр.

«Егер ресми құжаттар, бұқаралық мәдениет және әдебиет тілі тұрғысынан қарайтын болсақ, румын және молдован тілдерін бір тіл деп атаған әділдік болып шығар еді», – деген еді Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің аспиранты Анастасия Родионова 2021 жылы ресейлік «Взгляд» газетінде Молдова президенті Майя Сандудың бастамасына түсіндірме бере отырып.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button