Президент келгесін Сурхандарияда тәулікке жетпей жолды жөндеу басталды
ТЕРМЕЗ. 15 наурыз. Өзбекстан президенті келген соң бір тәулікке жетпей Сурхандария облысында жолды жөндеу жұмыстары қызу қолға алынды. Бұл туралы gazeta.uz сайтының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұдан алдын хабарлағанымыздай, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев сейсенбі күні Malibu көлігін өзі айдап, облыстың ойылып кеткен ойдым-ойдым жолдарымен Термезге келген болатын.
Интернет-басылымдардың жазуынша, мемлекет басшысы «тұрғындардан жиі түсіп жататын шағымдар шындығын шамалау үшін «Байсын – Денау» бағытындағы жолдың жайын өзі осылай арнайы тексеріп шығуды мақұл көрген».
Облыс орталығында президент велаят хокимі Улугбек Косимов пен автомобиль жолдары комитетінің райысы Абдурахмон Абдувалиевке көпшіліктің пікірлерін ескере отырып, 15 күннің ішінде «қазіргі заманғы сапалы да тегіс жолдың» жобасын дайындауды тапсырды.
Лекін, жалпы ұзындығы 111 шақырымды құрайтын Байсын – Денау автотрассасын жөндеу жұмыстары сол күні-ақ басталып кетті. Бұл ұзын жол Байсын (Жиделі Байсын), Бандихан, Құмқорған, Алтынсай және Денау аудандары жерлерін басып өтеді.
Жөндеу жұмыстарына бірден 70-тен аса арнайы техника мен 120 жұмысшы жұмылдырылды.
Мұның алдында жазғанымыздай, Шавкат Мирзиёев Байсын – Денау жолымен келе жатып, сәкін-сәкін: «мынадай жерлермен жүріп өту мүмкін емес қой» дегенді бірнеше рет қайталап айтқан еді.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.