Бір жылдан соң: Ресейліктердің 69%-ы украин жеріндегі соғысқа қарсы емес
МӘСКЕУ. 24 ақпан. Ресейде тәуелсіз социологтар Украинадағы соғыс жайлы сауалдама жүргізгенде, жергілікті халықтың 69 пайызының «арнайы операцияны» қолдайтыны анықталды. Бұл туралы «Настоящее время» хабарлады.
Ресейдің заңнамасына сәйкес, бұдан бір жыл бұрын кең ауқыммен Украина жеріне басып кірушілікті тек қана «арнайы әскери операция» деп атауға болады. Ал «соғыс» деген сөзді қолданған Ресей азаматтарына айыппұл салынады, ресейлік әскери қызметкерлердің қылмыстарын айтқан адамның өзі қылмыстық жауапқа тартылады.
Тәуелсіз Russian Field социологиялық компаниясы сауалдаманы 2022 жылғы 31 қаңтардан 2023 жылғы 6 ақпанға дейінгі аралықта жүргізген. Осы кезеңде таңдап алу жолымен 2000 респонденттің жауаптарын жинаған.
Сонымен, «Сіз Ресей әскерлерінің Украина территориясындағы әскери операциясын қолдайсыз ба, қолдамайсыз ба?» деген сауалға респонденттердің 69%-ы – оң, 22%-ы теріс жауап қайтарған. Былайша айтқанда, сұралғандардың 69 пайызы соғысты қолдайтындарын атап көрсеткен.
Енді болашақ жайына келсек, сұралғандардың 49%-ы соғысты жалғастыру керек деп есептейді, 40%-ы бейбіт келісімге келуді жөн санайды, ал 10%-ы не деп жауап берерлерін, қай жағына шығарларын білмейді. Ер кісілердің жартысынан көбі бұдан арғы ұрыс қимылдары жағында болса, әйелдер екіге тең бөлінген. Бір қызығы, соғысты жалғастыру жағына шыққандардың көпшілігінің кәмелет жасында ұлдары болған (бесеудің үшеуінде).
Сонымен қатар, сұрақта Путиннің аты атала қалса, бейбіт келіссөзді қолдайтындар мен шабуылға шығуды қолдайтындардың пайыздары өзгеріп тұрады. Мысалы, сұралғандардың 66%-ы Ресей президентінің бейбітшілік туралы болжамды шешіміне қарсы келе қоймайды (қарсы – 24%). Егер Путиннің өзі Киевке болжамды шабуыл жасауды жариялай қалса, оны 59% жұрт қолдайды, тек 26%-ы ғана қарсы шығады.
Социологтар сауалдың мазмұнын бұдан да тереңдетіп қойып, соғыстың мақсаттары мен оқиғалары жайына ауысқанда, респонденттердің басым бөлігінің соғыс барысындағы бірде-бір ірі оқиғаны еске түсіріп, айтып бере алмайтындары анықталды. Ал әлденені еске түсіре алатындары 24 ақпанда соғыстың басталған шағы мен Ресей әскерлерінің Херсоннан кетуі кезі жайлы ғана сөз еткен.
Сұралғандардың үштен екі бөлігі (67%) Ресейді 2023 жылдың басындағы ахуал бойынша «дұрыс бағытта келе жатыр» деп жауап берген. Респонденттердің 22%-ы мұндай көзқараспен келіспейді, ал 12%-ы жауап беруге қиналады. Қозғалыстың, яғни шабуылдың өсу векторын қолдаушылардың саны респонденттердің жастары ұлғайған сайын көбейе береді. Мұндай динамика қалыпты да түсінікті нәрсе сияқты, мұның есесіне болып жатқан оқиғаға деген көзқарасқа адамдардың тұрмыс дережелері де әсер ететін болып шықты. Айталық, табыс деңгейлері өте төмен және төмен кісілер соғысты оншалықты қолдай қоймайды. Ал бақуат, бай тұратындардың басым көпшілігі елдің қазіргі даму барысына мейлінше позитивті қарайды. Бұдан бөлек, дәулеттері өте жоғары адамдар соғысты табысты жүріп жатыр деп есептейді.
Суретте: Мәскеу, Арбат, 2023 жылдың қаңтар айы. Фото: ТАСС