Байден Путиннің басқыншылық соғысы жеңілуге қарағанын айтты
КИЕВ. 20 ақпан. АҚШ президенті Джозеф Байден дүйсенбі күні Киевке келген сапары барысында Ресейдің өзі бастаған агрессиялық соғысында жеңілгелі тұрғанын сөз етті. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
Ақ үйдің қожайыны Путиннің Украинаға басып кіргесін бір жылдан кейін «жеңіліске қарай кетіп» бара жатқанын, оның бұл «басқыншылық соғыста өзі де құритынын, елін де күйрететінін» әңгімеледі.
«Путин Украина – әлсіз, ал Батыс бөлініп кеткен деп ойлады. «Ыру-дыру» елдердің көз алдында тұтас бір мемлекетті өзіне тізерлетіп қоймақ болды. Сөйтіп, бізден асып түсемін деп ойлады. Мен ол қазір бұлай деп ойламайды деп ойлаймын», – деді Байден Украина президенті Володимир Зеленьскиймен қатарласып тұрып.
«Ол анық қатты қателесті. Оның дәлелі арада бір жыл өткенде осы жерден, осы бөлмеден көрініп тұр. Біз осы жерде бірге тұрмыз», – деді Байден Путин жайлы тағы.
Ресей соғыс ашқан мезеттен кейін Байденнің Украинаға бірінші рет келіп тұруының өзі Американың Украина мен оның халқына жасап жүрген қолдауының жалғасып жатқанын танытатын символдық сәт болып отыр.
Джо Байден украин халқы өздеріне демократияның мәніне жетуге көмектескендерін, осы арқылы өзін ерекше тұрғыда танытқандарын баяндады.
АҚШ президенті өзінің сөзінде соғыстың басталған шағын, Ресей әскерлерінің Украина шекарасының өне бойына үйіліп-төгіліп келіп жатқан ын бақылап отырған әлемнің үрейге берілген шағын еске түсіріп өтті.
Байден сондай-ақ «Ресей ұшақтары әуеге көтеріліп, танктері шекараны кесіп өтіп жатқан» сол кездерде өзінің Зеленьскиймен телефон арқылы қалай сөйлескенін есіне алды.
«Сіз маған арт жағыңызда болып жатқан жарылыстар даусын менің естіген-естімегенімді сұрадыңыз. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын», – деп мәлімдеді ол.
«Әлем әні-міне дегенше өзгереді», – деді Байден Зеленьскийдің телефон арқылы әңгімесі кезінде өзінен: «Әлем лидерлерін жинаңыз. Олардан Украинаға қолдау көрсетуді сұраңыз» деп өтінгенін есіне алып тұрып.
«Сіз біздің енді тағы қашан әңгімелесе алатынымызды білмейтініңізді айттыңыз. Бір жыл бұрын сол қараңғы түні бүкіл әлем шын мәнінде Киевтің құлауына дайындалып отырды. Бәлки, Украинаның да ақыры жетуін күткен шығар», – деді АҚШ президенті.
«Арада бір жыл өтті, Киев орнында тұр. Украина да орнында. Демократия орнында, Америкалықтар сіздермен бірге тұр, әлем сіздермен бірге тұр», – деп мәлімдеді ол.
Байден сондай-ақ Киев «жүрегінің бір бөлігін жаулап алғанын» айтты.
Хабарланғандай, АҚШ президенті Джо Байден бүгін Киевке келген сапары барысында Құрама Штаттар атынан $500 млн тұратын әскери көмектің жаңа пакеті берілетінін және Ресейге агрессиясы үшін қосымша санкциялар жасалғалы жатқанын мәлімдеді.
Бүгін сондай-ақ Жапония премьер-министрі Фумио Кисида Украинаға $5,5 млрд көлемінде қаржылай қолдаудың жаңа пакеті ұсынылғанын жариялады.
Осы күні Киевте, Жоғарғы рада жанындағы Батылдық аллеясында АҚШ президенті Джозеф Байденге арналған қалақша орнатылды. Осы рәсімге қатысқан мәртебелі мейман артынан ұшып кетті