Украина Қарулы күштері жаудың 800 жауынгерін тырапай асырды
КИЕВ. 18 ақпан. Украина Қарулы күштері өткен тәулікте ресейлік басқыншылар сапынан тағы 800 адамды ажал аранына айдап салды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«Өткен тәулікте Қорғаныс күштері 800 ресейлік жауынгерді, жаудың 16 артиллериялық жүйесін, 2 танкісі мен басқа да техникаларын «кемітіп» тастады», – делінген хабарламада.
2022 жылдың 24 ақпаны мен 2023 жылдың 17 ақпаны аралығында РФ армиясының жеке құрамы 141 260 басқыншысынан, 3 298 танкісінен, 6 520 бронды соғыс машинасынан, 2 322 артиллериялық жүйесінен, 2 013 дронынан, 5 187 автомобилі мен автоцистернасынан айырылды. Бұлардың сапында тағы 467 РЗСО, 241 ПВО құралы, 298 ұшақ, 287 тікұшақ, 871 қанатты ракета, 18 корабль, 221 арнайы техника бар.
АҚШ билігі «Вагнер» жеке әскери компаниясының өзі Украина жерінде 30 мыңнан астам содырын саптан шығарып алғанын айтып отыр. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өкілі Джон Кирби 9 мың «вагнершінің» жер жастанғандарын, олардың жартысынан астамының желтоқсан айында опат болғанын баяндайды. Міне, осы желтоқсанда өлгендердің 90 пайызы түрмеден әкелінгендер екен. Ал Владимир Путин олардың бәріне жақында рақымшылық берді.
Украина Қорғаныс күштері кешелі бері дұшпанның 20 елді мекен маңындағы шабуылдарын қайтарды. Ресейліктер Харьков облысының Гряниковка және Синьковка, Луганск облысының Стельмаховка, Червонопоповка және Кременная, Донецк облысының Выемка, Федоровка, Дубово-Васильевка, Роздоловка, Парасковиевка, Берховка, Бахмут, Ивановское, Часов Яр, Веселое, Водяное, Марьинка, Победа, Новомихайловка және Угледар елді мекендері түбінде шабуылға шықты.
«Жау тәулікте 10 ракеталық және 29 авиациялық соққы берді. Тағы 69 снарядты дүркін отты реактивті жүйеден жіберді.
Оккупанттар армиясы негізгі шабуыл күштерін Купянск, Лиман, Бахмут, Авдеевка және Шахтерск бағыттарына шоғырландырып жатыр.
Украина Қарулы күштері өткен тәулікте ресейліктерлің жау басып алған Мариупольдегі үйсіз-күйсіз жатқан мобиктеріне артиллериядан 13 дүркін соққы беріп, көпшілігін «Кобзонның концертін» көруге шұғыл аттандырып салды.
Осы тұста украинның бірінші батальоны АҚШ-тың Германиядағы базасында оқуын аяқтағаны белгілі болды. Оның құрамындағы 635 украиналық сарбаз Граффер полигонында жалпы әскери және маневрлік дайындықтан өтті. Енді екінші топ келіп, бес апталық оқуда маневрлік, медициналық және базалық әскери дайындықтарын шыңдайды.