Қазақ университетінде Ержұман Смайыл атындағы дәрісхана ашылды
АЛМАТЫ. 10 ақпан. Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде белгілі журналист Ержұман Смайыл атындағы дәрісхана ашылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Шынында Президент сыйлығының журналистика саласындағы тұңғыш лауреаты Ержұман Смайылдың қазақ баспасөзінің тарихында алатын орны ерекше еді.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Егемен Қазақстан» газетінің кәтепті қара нары болып, газет шығару ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған, баспасөздегі орны ерек тұлға, Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты Ержұман Смайыл атындағы дәрісхана ашылды», – деп атап көрсетті осы орайда «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Думан Анаш.
Ержұман Өтешұлы Смайыл 1948 жылы 5 қаңтарда Алматы облысында туған. 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Студент кезінде Лениндік стипендиат болды. Қазақстан Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты.
Ол еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып бастаған. 1979-1987 жылдары – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде редактордың орынбасары, 1987-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары; бас редакторының бірінші орынбасары, бас редакторы болды. Ал 2003-2010 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, вице-президенті қызметін атқарды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ержұман Смайыл 2018 жылы 27 ақпанда өмірден өтті.
Танымал журналист атындағы дәрісхананың ашылу рәсіміне кезінде өзімен университетте бірге оқыған курстастары, «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызмет атқарған әріптестері қатысты.
Алдымен дәрісхананың ашылу рәсімі жасалды. Содан кейін осыған арналған кездесу-жиын өткізілді. Оны белгілі қаламгер Мейрамбек Төлепберген ашып, жүргізіп отырды. Әдепкі сөздің кезегін университет ректоры Жансейіт Түймебаев алып, аталмыш оқу орны мен «Егемен Қазақстан» газеті арасындағы ежелден қалыптасқан байланыс жайында сөз қозғады, жаңадан ашылып отырған дәрісхананың студенттер өмірінде елеулі орын алатынына тоқталды. Бұдан кейін бір кездері «Егемен Қазақстан» газетін басқарып, Ержұман Смайылмен қоян-қолтық жұмыс жасасқан басылымның бас редакторлары Нұрлан Оразалин мен Уәлихан Қалижан әріптестері жөнінде жүрекжарды сөздерін жеткізді. Мәдениет министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Қуат Бораш өзінің журналистік қызметінің бастауында ұстазы Ержұман Смайылдан алған тәлімі жайлы әңгімелеп берді. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері Мамадияр Жақып әріптесі жөнінде жылы лебізді естелік айтты.
Жиын барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлiнің хатын министрлік өкілі Нұрбек Әмиша оқып берді. Сол сияқты «Егемен Қазақстан» газетінің негізінде жаңадан қайта құрылған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының құттықтау хатымен басылымның жауапты хатшысы Самат Мұса таныстырды.
Жиын соңында қайраткер қаламгердің жұбайы Жақан Сүлейменқызы Ерағаңмен бірге кешкен өмірінің елеулі кезеңдеріне тоқталып өтіп, бүгін оның рухын тірілту мақсатында жасалып жатқан барлық құрметке өзінің, отбасының, әулеттің ризашылығын білдірді.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев қаламгердің жастық шағында сүңгуір қайықтың тар отсегінен басталған өмірі редакцияның қағазға көмілген кеңсесінде өтсе де, еңбегі мен мұрасы кең айдынға шығатын уақыты енді келгенін әдемі атап өтіп, алдағы уақытта ұлттық университеттің «Өнегелі өмір» сериясымен жинағы шығатынын жеткізді.