Чехия президенті ресми сапарларын Украинадан бастағалы отыр
ПРАГА. 29 қаңтар. Чехияның кеше сайланған су жаңа президенті Петр Павел шетелдер бойынша бірінші сапарын Украинаға барудан бастауға шешім қабылдады. Бұл туралы чехтың pravda.sk порталы хабарлады.
«Чехияның енді сайланған президенті Петр Павел мен Словакия президенті Зузана Чапутова жақын аралықта Украинаға бірге барып қайтуға ұйғарым жасасты», – делінген хабарламада.
Петр Павел осы мақсатта жексенбі күні Украина президенті Володимир Зеленьскийге телефон арқылы хабарласатынын айтты. Украина лидері кеше мұны президент болып сайлануымен құттықтаған болатын.
Петр Павел – әскери адам, НАТО-ның бұрынғы генералы. Президенттік орынтақ үшін бұрын чех үкіметінің басшысы болып қызмет атқарған миллиардер-популист Андрей Бабичпен таласқа түсті.
Павел өзінің саяси бәсекелесін елдің төрт аймағынан бөлек барлық өңірлерінде де ұтты. Алдын ала мәлімет бойынша оның 57 пайыздан артық дауыс жинағаны белгілі болды.
Осылайша 61 жастағы Петр Павел 2013 жылдан бері екі мерзімде президент болған 78 жастағы Милош Земанның орнын басты.