Мәжіліс депутаты РФ-ның Украинаға басып кіргенін қолдайтынын айтты (видео)
АСТАНА. 18 қаңтар. Парламент Мәжілісінің депутаты Азамат Әбілдаев Ресейдің былтырдан бері Украинада жүргізіп жатқан басқыншылық соғысын қолдайтынын ашықтан-ашық мәлімдеді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Депутат Азамат Әбілдаев «Ақ жол» партиясы басшысының орынбасары, осы партияның Парламенттегі фракциясының мүшесі екен. Сол өкіл «Азаттық радиосының» тілшісіне берген сұхбатын көрші елдің көсеміне көпшік қоюдан бастады. Ол дәсәуілден бұл соғыста өзінің Ресей президенті Владимир Путиннің оккупациялық іс-әрекеттерін қолдайтынын ашықтан-ашық баяндады.
Сұхбаттың сұлбасы былай өрбіді:
«– Мен Ресейдің президентін қолдаймын. Не үшін?
– Қолдайсыз ба?
– Осы спецоперацияны қолдаймын.
– Спецоперация деп ойлайсыз ба?
– Иә. Спецоперация деп ойлаймын. Мен ойлаймын, осы жазға дейін Зеленскийді өзінің халқы ұстап, соттайды…»
«Орыс жақтан соғысып отқандарды жақсы танимын. Украина жақтан соғысып жүрген балаларды танимын. Украина, ар жағында Ресей. 600 километр. Ракетамен Мәскеуге барады. Ол олардың қауіпсіздігі», – деді бір тоқтады депутат.
Сонымен қатар, Парламентте бұл басқыншылық соғысты қолдайтын өзі секілді тағы 2-3 депутаттың бар екеніне де қыстыра кетті. Демек, жалғыз емес. Белгілі бір орта қалыптасқан. Ұяшық. Ячейка. Соларға арқа сүйеп тұр бұл.
Әулекі депутатсымақ тілші Ресей басқыншылары Украинаның қалаларын, тұрғын үйлерді, бейбіт тұрғындарды күнде немесе күнәра бомбылап, атқылап, қиратып, қырып жатқандарын алға тартып, санасын оятпақ болғанына да қыңбады, алған бетінен жаңылмай, украин тарапын айыптауды жалғастыра берді.
Оның қауашағындағы қатпардың қорытуынша, Украина билігінің басында қазір «нацистер» отыр екен, сондықтан олар РФ оккупанттарының шабуылына қарсы шығып, өз жері мен елін, отбасы мен бала-шағасын аянбай қорғап жатқанға ұқсайды… Әйтпесе, Путинге беріле салуы керек еді. Әу басынан. Осыншама қырғынға ұшырамай. Мұны сондықтан өз халқы да кешірмейді.
Міне, депутаттың логикасы, шамамен, осындай.
Бізді тек осындай ақыл-оймен, пайым-парасатпен ол қалай Парламентте отыр, қалай «Ақ жол» партиясы «қаймақтарының» қатарына еніп кеткен.
Мәжіліс депутатының бұл мекер сөздерін қазақ қоғамы жаппай қатты сынап қарсы алды.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Facebook-тағы өз парақшасына: «Халықаралық деңгейдегі жанжал. Қазақстан Парламентінің депутаты Украина билігінде «нацистер» отыр, ал Зеленскийді тұтқындау керек деп мәлімдеді», – деп жазды. Қоғам қайраткері бұдан кейінгі жазбасында: «Ақ жол» партиясына Мәжіліс тарап кеткенге дейін Украина билігінде ұлтшылдар отыр деп мәлімдеген өз депутатын кері шақырып алуға үлгеріп қалу керек», – деп атап өтті.
Шынында бұл мәлімдеме кезекті халықаралық жанжалға апарып соқтырғалы тұрған сияқты.
Біздің депутаттың Ресей мемлекеттік думасының «жарапазаншыларынан» пәлендей айырмашылығы болмай тұр ғой!