Украин әскерлері тәулікте жарты мыңнан аса басқыншыны жойды
КИЕВ. 21 желтоқсан. Украина Қарулы күштерінің бөлімшелері өткен тәулікте 500 мыңнан астам оккупанттың көзін жойып, 12 артиллерияның істен шығарды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Ресей армиясы Украинаға қарсы соғысты осы кезге дейін 99 740 жауынгерінен, 3 мыңнан астам танкісінен және 1 972 артиллериялық жүйесінен айырылды.
Украина президенті Володимир Зеленьский кеше украин ерлері неше айдан бері орыс оккупанттарына қарсы кескілескен күрес жүргізіп жатқан Бахмутта болған сапары кезінде жаудың 100 мыңға жуық сарбазынан айырылып отырғанына айрықша мән бере кетті. «Тек ойланып көріңіздер: Ресей Украинада қазірдің өзінде 99 мыңға жуық солдатынан айырылып отыр. Бір күннен кейін басқыншылардың шығыны 100 мың болады. Сонда бұл не үшін? Бұл сұраққа Мәскеудегілердің біреуінің де жауабы жоқ. Болмайды да. Олар соғыс лаңын салып, адамдардың өмірлерін құртып жатыр, өз жақындарының емес, өзге адамдардың өмірлерін құрбан етуде. Өйткені, Кремльдегі ат төбеліндей адам өз қателіктерін мойындай алмайды, өмірдің шындығынан өлердей қорқады», – деді Зеленьский видеоүндеуінде.
Өткен тәулікте Украина Қорғаныс күштері бөлімшелері жиырма бес елді мекеннің аумағында оккупанттардың шабуылдарына тойтарыс берді. Олардың арасында Харьков облысындағы Масютовка, Луганск облысындағы Подкуйчанск, Диброва және Белогоровка, Донецк облысындағы Верхнекаменское, Веселое, Яковлевка, Бахмутское, Бахмут, Водяное, Пески, Невельское, Марьинка, Новомихайловка және Пречистовка елді мекендері бар.
Осы мезгілде сондай-ақ дұшпан жағы 5 ракета және 16 авиация соққысын жасады, 61 мәрте реактивті дүркін отты жүйемен атқылады. Соның салдарынан Херсон, Константиновка және Волчанск қалаларындағы инфрақұрылымдар мен бейбіт тұрғындар аздаған зардап шекті.