Қордай жанжалының себебі анықталды
АСТАНА. 9 ақпан. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордай ауданындағы Масанчи селосында орын алған төбелестің нақты себебін айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
«5 ақпан күні жол жанжалы орын алды. Үш адам автомобильде тура жолмен келе жатты. Оған қарсы келе жатқан бір үлкен жүк машинасында тағы үш адам отырды. Жанжал бұлардың бір-бірлеріне жол бермеулерінен шықты. Нәтижесінде сөзбен қақтығысқандар ақыры төбелесіп тынды», дейді Калайчиди.
Оның айтуынша, жанжалдың өрбіп кетуіне әлеуметтік желідегі бейбастақтық әрекеттерге шақырған үндеулер себеп болған.
Сөйтіп, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жергілікті тұрғандар арасында төбелес басталып кетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жанжалға арандатушылардың ықпалы болғанын айтып отыр.
Нәтижесінде жаппай төбелеске 300 адам қатысқан. Бұған Ауқатты және Батыр бұлан ауылдарының жігіттері де араласып кеткен. Олар тәртіпке шақырып келген полицейлерге бағынбаған. Қайта олардың өзіне шабуыл жасаған. Бұзақылар тәртіп сақшыларын таспен, металл сынықтарымен атқылаған, отты қару қолданған.
Бұзақылық әрекеттер салдарынан, алдын ала мәлімет бойынша, 30 жеке үй өртенген, 15 сауда нүктесі жанып кеткен, 23 автокөлік от құшағына берілген.
Түнде Қырғызстан шекарашылары дайындық сапына қойылды.