Зеленский Мариуполь мен «Азовстальдің» 5 еріне Батыр атағын берді
КИЕВ. 4 қазан. Украина президенті Володимир Зеленский Мариуполь мен «Азовстальді» қорғаған 5 ержүрек жауынгерге Украинаның батыры атағын берді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина батыры атанған қаһармандарға «Алтын Жұлдыз» ордені қоса табыс етілді.
Марапаттарды тапсыру рәсімі қазіргі күні аталған ерлер тұрып жатқан Түркия жерінде өтті.
Президент батыр атағымен наградтағандар арасында «Азов» ұлттық гвардиясының полк командирі Денис Прокопенко (шақыру аты Редис), оның орынбасары Святослав Паламарь, 36-шы жеке теңіз жаяу әскерлері бригадасы командирінің міндетін атқарушы Сергей Волынский (шақыру аты Волынь), «Азовтың» аға офицері Олег Хоменко және Украина ұлттық гвардиясы 12-ші бригадасының командирі Денис Шлега бар.
Володимир Зеленский Мариупольді қорғау жөніндегі маңызды жауынгерлік тапсырмаларын абыроймен орындаған әскери қызметкерлерді видеобайланыс арқылы құттықтады.
Мариуполь ерлері осы жерде өз отбасы мүшелерімен де қауышты. Әскери қызметкерлер Украинадан келген әйелдерінің және балаларының ортасында тұрып марапаттарын алды.
21 қыркүйекте 215 украин әскери қызмкеткері тұтқынға түскен 55 ресейлік оккупантпен және бизнесмен Виктор Медведчукпен алмастырылды.
Алмастырылу кезінде жоғарыда аттары аталған ерлер Украина жағына тапсырылды. Олармен бірге РФ жағы алдында өлім жазасына кесіп қойған «азовтықтар» Николай Кущ (Фрост) пен Константин Никитенко (Фокс) де болды.
«Азовтың» 5 командирі президент Тайип Ердоғанның тікелей кепілдігімен Түркияда тұра тұрады. Украина президенті олардың мұнда соғыс біткенше болатынын айтты.