Британия Кабаева мен Путиннің бұрынғы әйеліне санкция салды
ЛОНДОН. 16 мамыр. Ұлыбритания бұрынғы гимнастшы Алина Кабаева мен тағы 11 адамға санкция салды. Бұл туралы BBC хабарлады.
Британия үкіметінің пікірінше, бұл 12 адам Ресей президенті Владимир Путиннің мейлінше жақын шеңбері болып табылады.
Wall Street Journal газеті Кабаеваға санкция салу мәселесін бірінші болып АҚШ көтергенімен, соңынан Путинді «ашуландырып» алудан қорқып, ондай қадамға бара алмағанын жазды. Басылым Кабаеваның Путиннен үш бала туып алып отырғанын еске салып өтті.
Бұдан бір апта бұрын Еуропа одағы Алина Кабаеваға санкция салатын болып құжат жасап еді. Бірақ мұнай эмбаргосына байланысты бұл шаруаны сәл кешеуілдетті.
Санкция тізіміне Кабаеваның нағашы әжесі Анна Зацепилина, Путиннің бұрынғы әйелі Людмила Очеретная, немере бауыры Игорь Путин мен оның ұлы Роман Путин, Вова ағайдың немере інісі Михаил Путин, сондай-ақ «Газфонд» зейнетақы қорының басшысы, Путиннің 24 ақпан күні-ақ санкцияға ілініп кеткен бұрынғы күйеу баласы Кирилл Шамаловтың ағасы Юрий Шамалов бар.
Жаңа тізімге сонымен қатар Путиннің «балалық шақтан досы және іскер әріптесі Петр Колбиннің ұлы Владимир Колбин, Людмила Путинаның (Очеретная) ағасы, Путиннің курстасы, петербургтік бизнесмен Виктор Хмарин іліккен екен.
Бұған дейін, 6 сәуір күні Владимир Путиннің Людмиладан туған қыздары – Катерина Тихонова мен Мария Воронцоваға санкция салынған болатын.
Суретте: Алина Кабаева.