Британия саясаткерлері Путинді трибуналға тартқысы келеді
ЛОНДОН. 19 наурыз. Британия саясаткерлері Ресей президенті Владимир Путин үшін трибунал шақыруды сұрап отыр. Бұл туралы Би-би-си радиосы хабарлады.
«Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрлері Гордон Браун мен мен сэр Джон Мейджор Владимир Путиннің Украинада жасап жатқан әрекетін тергеп-тексеру үшін жаңа халықаралық трибунал құруды талап етуде», – делінген хабарламада.
Бұрынғы үкімет басшылары бастаған басқа да ғалымдар, заңгерлер, саясаткерлер – барлығы140 адам, – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі нацистік соғыс қылмыскерлерінің үстінен іс қозғаған Нюрнберг процесінің үлгісімен жаңа сот органын құру жөніндегі петицияға қол қойды.
Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) қазірдің өзінде Украинада әскери қылмыс жасады деген күдікпен Путинге қарсы тексеру жүргізуді бастап кетті. Бұған дейін ол Ресейден соғысты жедел тоқтатуды және 24 ақпаннан кейін басып алған территорияларын түгел босатуды талап еткен шешім қабылдаған болатын. Ал Путиннің жеке басына байланысты жүргізіліп жатқан қосымша тексеру оны соғыс қылмысын жасады деп айыптауға толық негіз бола алады деген күдік барын білдіріп отыр.
Алайда, оның мүмкіндігі шектеулі, себебі, ХҚС Ресейдің агрессиясын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясынсыз соттай алмайды, ал Кеңестің бір мүшесі болып саналатын Мәскеу мұндай мәселе көтерілген кезде оған көпе-көрнеу вето қоя салады.
Браунның айтуынша, Берлин қабырғасы құлағаннан кейін «біз демократия мен заң салтанат құратын шығар деп ойлаған едік», бірақ Путин мұның орнына күш қолданғанды жөн көріпті.
«Егер қазір осындай нақты дабыл қақпасақ, тағы бір елдерге осылайша жазасыз қалатын агрессия жасалатын болады», – деді Браун Би-би-си тілшісіне берген сұхбатында.
Ол Ресей президенті соғыс қылмыскері ме, деген сұраққа: «Президент Байден осылай деп айтты, менің де пікірім сондай», – деп жауап қайтарды.