БАҚ: Ресейліктердің 71 пайызы Украинадағы соғысты қолдайды
МӘСКЕУ. 18 наурыз. Ресейліктердің 71 пайызы Украинадағы агрессияны қолдайды, Путиннің билік басында отыра беруін қалайды. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.
Ресейдің екі тәуелсіз социологиялық тобы жүргізген сауалдаманың қорытындысы осындай тұжырым жасауға негіз болып отыр.
Анықталғанындай, соғысты жақтайтын ресейліктер өз елдері армиясының көрші елде жасап жатқан өктемдігінен мақтаныш, қуаныш, құрмет, сенім және үміт секілді эмоциялық көңіл күйлер әуеніне бөленеді екен.
Жастары 35-тен асқан ресейліктердің мақтаныш, қуаныш, құрмет және үміт сезіміне көбірек көшіп отырса, 18 жасқа дейінгілердің басым бөлігі бұған реніш пен өкініш, түңілу мен торығу жағдайына душар болады екен. Сол сияқты жас ресейліктердің көпшілігін соғыс алаңдататын көрінеді.
Сонымен қатар әрбір сұралған бес адамның екеуі ғана соғысқа алаңдаушылық танытқан. Сол сияқты 18-24 жас аралығындағы буын Украинадағы ахуалға енжар қарайтындарын білдірген.
Жастары 55-тен асқандардың жартысынан көбі Украинамен соғысты анық жақтаған.
Сұралғандардың төрттен үш бөлігі соғыс жайындағы ақпарды Ресей телеарналарынан алып отыр екен.
Сауалдамаға қатысқандардың үштен бір бөлігі Владимир Путиннің Ресейдің болашағы, өздерінің мүддесі үшін соғысып жатқанына берік сенімді.
Тұтастай алғанда, ресейліктердің басым бөлігі Путиннің билік басында мейлінше ұзақ отыра беруін қалайды.