Украина РФ-мен соғыста стретегиялық бетбұрысқа жетті – Зеленский (видео)
КИЕВ. 11 наурыз. Украина президенті Владимир Зеленский Ресей агрессорларымен соғыста украин армиясының стратегиялық бетбұрысқа жеткенін мәлімдеді. Бұл туралы «Украинформ» хабарлады.
Мемлекет басшысы Украинаны басқыншы жаудан енді қанша күнде азат етуге болатынын болжау мүмкін емес деп есептейді. Бірақ украин армиясының соғыста стратегиялық бетбұрыс пен басымдыққа ие бола бастағанын ашық айтуға болады.
Зеленский мұны бүгін соғыстың 16-шы күнінде Украина халқына жасаған видеоүндеуінде айтты.
«Біз бүгін өзіміздің бостандығымыз үшін он алтыншы күн соғысып жатырмыз. Бұл – жаудың біздің жерімізге басып кіру үшін жоспарлап алған мерзімінен төрт есе көп уақыт. Украиналықтар әлемнің ең күшті армияларының бірімен соғыста беріліп жатқан жоқ. Әлдекім украин көшелерінде біреулер өздерін Ресей жалауларымен және гүлмен күтіп алады деп үміттенген екен. Бірақ олай болмады. Біздің енді украин жерін басқыншы жаудан қанша күнде тазартып шығатынымызды айту қиын. Бірақ айтуға болатын бір нәрсе бар – біз соған ақыры қол жеткіземіз. Себебі, біз соған ұмтылып жатырмыз, себебі, біз стратегиялық бетбұрысқа жетіп алдық. Біз қазір өзіміздің мақсатымызға, біздің жеңісімізге қарай келе жатырмыз», – деді Украина мемлекетінің басшысы.
Ол өз сөзінде украиндардың қашаннан өзін, өз жерін қорғай алатын және туған жердің сүйем бөлігін де, азаттықтың бір пайызын да басқыншы жауға бермейтін өжет адамдар екенін атап өтті.
Зеленский он алты күн бойы соғысып жүрген адамдардың шаршай бастағанын да түсінетінін айтты.
«Мұндайда эмоция адамға жақсы кеңесші бола алмайды. Бұл – өмір. Біз тас түйін болып, жауға шапқанда, оларды тықсырып жеңіп, шығынға ұшыратып жатқанда, бұл шайқастың ақыры жақындап келе жатқанын сезіне түсеміз. Оккупанттың бұрын құлайтынын да… Бірақ… Бұл – өмір. Бұл – соғыс. Бұл – күрес», – деді президент сосын.
Ол жеңістің ауылы қашық емес екенін, сондықтан шыдам, ақылмандық, күш-қуат керек екенін, сондай-ақ әркімнің өз жұмысын барынша жоғары деңгейде атқаруы керек екенін, осылайша күш біріктірудің арқасында жеңіске жететіндерін атап көрсетті.