Зеленский АҚШ-тың Киевтен кету туралы ұсынысын қабылдамады
КИЕВ. 26 ақпан. Украина президенті Володимир Зеленский Құрама Штатттар билігінің өзіне әзірге Киевтен кете тұру жөнінде берген кеңесіне құлақ аспады. Бұл туралы The Washington Post хабарлады.
АҚШ үкіметі кеше Украина мемлекетінің басшысына басқыншылар армиясы толассыз жан-жақтан шабуыл жасап жатқан қазіргі таңда, жағдай жақсарғанша Киевтен кете тұруды ұсынған болатын. Ақ үй мұның орайын өздері келтіріп, отқа оранған қаладан алып шығатындарын жеткізді. Бірақ Зеленский осы жерден сүйегі шығатын болса да, ел байтағын тастап кете алмайтынын кесіп айтты.
АҚШ билігі мұны президенттің өміріне қауіп төніп тұрғандықтан айтқан сияқты.
Бұдан алдын Украина президенті өзінің Ресей үшін нөмірі бірінші нысана болып тұрғанын, ал оның отбасын жойып жіберу екінші нысана болып табылатынын мәлімдеген еді.
Өткен түнде Зеленский өзінің халқымен де қоштасып қойды. «Мүмкін мені бұдан кейін тірі көрмейтін шығарсыздар», – деді ол.
Кеше президент өзінің Киевте екенін видеодан көрсетті. Ол өз әріптестерімен бірге астана көшелерінің бірінде жүрді.
Ал бұл уақытта Ресей президенті Владимир Путин өзі секілді бір елдің, 56 млн украиналық азаматтардың көшбасшысын тілінің жеткенінше қорлап бақты. Осыдан-ақ оның мемлекет басшысы ретіндегі деңгейі анық білініп қалды. Ресей басшысы Украина Қарулы күштерінің сарбаздарына видеоүндеу жариялап, оларды «нашақор, маскүнем ел басшыларын басып тастап, билікті өз қолдарына алуға, сөйтіп, өзімен келіссөз үстеліне отыруға» шақырды.
Путин бұдан бөлек Зеленскийді «сайқымазақ», «марионетка», «қуыршақ биліктің егесі» деп атап, аузына келгенін аталады.
Ресей билігі бұдан басқа, Украинаға ақпараттық та шабуыл жасауға кірісіп кетті. Мысалы, олар Зеленский украин әскерлеріне қаруларын тастап, ресейліктерге берілу жөнінде үндеу жасады деген қауесет таратқан. Осыдан кейін Украина президенті бүгін Киев көшелерінің біріне шығып, мұның жалған ақпар екенін мәлімдеуге мәжбүр болды. Ол өз сарбаздарын осындай аяр жаумен ақырына дейін соғысуға шақырды.