Киевте түннен бері кескілескен шайқастар жүріп жатыр
КИЕВ. 26 ақпан. Бүгінге қараған түні Украина байтағында басқыншылар мен украин жауынгерлері арасында кескілескен шайқас жүріп шықты. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Түні бойы астананың әртүрлі аудандарында атыс құралдарының дауыстары естіліп жатты.
Украина Жоғары радасы ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және барлау комитеті райысының орынбасары Марьяна Безуглая 26 ақпанға қараған таңғы сағат 4:26 кезіндегі оперативті жағдай жайлы айтып берді. Мұны ол Facebook парақшасында жазды.
«УҚК (Украина қарулы күштері – ред.) Киевтен Ресейдің ДБТ (диверсиялық барлау тобы – ред.) сарбаздарын ығыстырып шығарып жатыр. Ұрыс жалғасуда», – деп атап өтті ол.
УНИАН хабарлағандай, 26 ақпанға қараған түні Киевтің бірқатар аудандарында жарылыстар болған. Басқыншылар Берестай ауданында әскери бөлімді басып алуға тырысты, бірақ УҚК оларға қарсы соққы берді. Қазір өзеннің оң жағалығындағы мазасыз ахуал орнап тұр.
УНН осы сәттерде киевтіктерге көшеге шықпау ескертілгенін хабарлады. Оларға өз қауіпсіздіктерін сақтау керектігі жеткізілді. Қала көшелерінде кешеден бері тоқтаусыз ұрыс жүріп жатыр.
Мемлекет және қоғам қайраткері Виктор Андрусив Facebook парақшасында өткен түнде ресейлік 60-қа жуық диверсанттың жер жастандырылғанын баяндады. «Киевте бүгін түнде 60-қа жуық диверсант өлтірілді. Олардың тағы ондаған қаруластлары қолға түсті», – деп жазды ол.
Сарапшылардың көбі өлтірілген және қолға түскен басқыншылар жауынгерлерінің барлығы дерлік азиялық тектегілер, яғни кавказдықтар мен басқа да ұлттық республикалар өкілдері екендеріне назар аударып жатыр.
«Киевте Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері өздерін территорияны қорғаушылар кейпінде көрсеткілері келген ресейлік оккупанттардың бір диверсиялық тобын жойып жіберді», – деп атап өтті УНН.
Осы кезге дейін Украина қарулы күштері қатарынан 150-ден аса адам опат болса, Ресей армиясы 450-ден аса сарбаздарынан айырылды.
Ресей әскерилері арасында әдейі украиндар колына түсушілер мен формаларын шешіп тастап, әскер қатарынан қашушылық бірте-бірте көбейіп келеді. Солдаттар өздерінің кім және не үшін соғысып жатқандарын түсіне бастаған сияқты.