Тәжік президентінің ұлы арнаулы қызмет бастығын неге атты?
ДУШАНБЕ. 20 ақпан. Тәжікстан президентінің ұлы елдің ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы Саймумин Ятимовты (суретте) атқаны жайлы қауесет дүйім дүниеге тарап жатыр. Бұл туралы KNews.kg хабарлады.
Порталдың жазуынша, мұның жайы ресейлік сарапшы Андрей Серенконың телеграм-арнада ақпар таратқанынан кейін белгілі болды. Қазір тәжік шенеуніктері арасында бұл қауесет кеңінен талқылануда.
Оған сүйенсек, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Рахмонның ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы, генерал Ятимовты атқан болып шығады. Осыдан кейін ол жарақаттанып, ауруханаға түскен көрінеді. Ал басқа бір мәнбелерде тәжік күштік құрылымдарының Таулы Бадахшан автономиялы облысында Памир белсенділеріне қарсы жүргізіп жатқан арнайы операциясы барысында генералдың өміріне қастандық жасау жоспарланғаны айтылады. Қауесеттер мұның ұйымдастырушыларын Рустам Рахмонның төңірегінде жүргендерден іздестіру керек екенін алға тартады. Мәнбелер мұндағы сценарийдің 2012 жылы ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы Абдулло Назаровтың өлтірілген жағдайына ұқсас екеніне де назар аударып отыр.
Саймумин Ятимовтың отставкаға кетірілуі мүмкін екені жайлы әңгіме оның атылып қалуы жайлы қауесетке ұласты.
Рас, Ятимовтың рөлінің күшейе түсуі және оның ықпалы артуы Эмомали Рахмон мен оның отбасы мүшелеріне сөзсіз қауіпті төндіре беретін еді. Мәселен, биліктің транзиттік жолмен ауысуы тұсында Ятимов болашақ президент жағында болмай қалуы ықимал, себебі, Рустам Рахмон мен Саймумин Ятимовтің арасында көптен бері шешілмеген күшті кикілжің бар.