Атырауда күдіктіге азар көрсеткен екі полицей сотталды
АТЫРАУ. 26 қаңтар. Атырау облысындағы Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкері қолға түскен күдіктіге азар бергендері үшін өздері түрмеге түсті. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Оқиға өткен жылдың наурызында болған. Құлсары қаласында тұратын бизнесмен әйелдің үйінен 4 млн 500 мың теңге мен 1600 доллар ұрланады.
Әйел осыны айтып, аудандық полиция бөліміне шағымданады. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу басталып кетеді. Полицейлер белгілеп алған күдіктілердің қатарында бизнесмен әйелдің өз ұлы да болады.
Наурыздың 22-сі күні аудандық полиция бөлімінің екі жедел уәкілі әйелдің үйіне келіп, оның ұлына өзімен бірге бөлімге баруы керек екенін айтады.
Жігіт сол жерде өзінің ештеңе білмейтінін, ұрлыққа қатысы жоқ екенін, енді тек адвокатпен бірге ғана баратынын жеткізеді. Сонда полицейлер екеулеп оның қолын қайырып, үйден алып кетеді. Олар баланың шешесінің ұлына ешқандай күдік келтірмейтінін айтып айқайлап, оны босатуларын сұрағанына да қайырылмайды.
Бөлімге келгеннен кейін жедел уәкілдер, жұмсартып айтқанда, тергеуге ерекше ынтызарлықпен кіріседі. Алдымен қорқытып көреді, болмағасын екеулеп ұруға кіріседі. Бір кезде зәбір көрушіні жатқызып қойып, аяқтарымен мойнынан қысады. Сол кезде жігіт шыңғырып, көмек сұрайды. Мұны басқа полицейлердің естімеулері мүмкін емес еді, бірақ ешкім есіктен қарамайды.
Осындай жағдай біраз қайталанып, бірнеше сағатқа созылады. Бұдан бөлек, полицейлер оның қалтасынан түсіп қалған ұялы телефонының құпия кодын сұрап біліп, клиенттің атынан банкке қоңырау шалады. Осылайша оның есепшотында қанша ақша тұрғанын біліп алады. Сөйтіп, өздерінің қызметтік уәкілдіктерін асыра пайдаланады. Сосын жігітті ешбір құжатсыз жібере салады. Осыдан кейін зәбір көруші жемқорлыққа қарсы қызметке барып шағымданады. Онда полицейлердің үстерінен қылмыстық іс қозғалады.
«Айыпталушылардың кінәсі зәбір көрушінің айғақтарымен және сараптама қорытындысымен толық дәлелденді. Зәбір көрушілер заң талабына сай жаза белгілеуді сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Айыптау актісінде жауапкершілік пен жазаны ауырлататын жағдай ретінде олардың өздері берген антқа адал болмай, қылмыстық тәртіп бұзушылыққа барғандары мойындалса, жазаны жеңілдететін жағдай ретінде олардың бұрын сотты болмағандары, кәмелетке толмаған балаларының болулары алынды.
Бұрынғы полицейлер осыларды сараптай келгенде, үш жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Қазақстанда қазір жұртшылық тарапынан қаңтар қырғынына байланысты істерді тергеу барысында полиция бөлімдерінде орын алып жатқан азаптаушылықтар жөнінде мәліметтер беру талап етілуде.