Із-түзсіз жоғалған қыз сегіз жылдан кейін табылды (видео)
ТАШКЕНТ. 29 қараша. Ташкентте бұдан сегіз жыл алдын із-түзсіз жоғалып кеткен қыздың дерегі шықты. Бұл туралы saf.uz хабарлады.
Өкінішке орай, Ташкент уәләятының Паркент ауданындағы бір үйдің жертөлесінен оның өзі емес, мүрдесі табылды.
Жасы әлі 18-ге толмаған Наргиза 2012 жылғы 25 қыркүйек күні Ескі Жўва базарына анасынан 9 жас кіші, онымен азаматтық некеде бірге тұрып жатқан өгей әкесі Санжарбектің шақыруы бойынша барғаннан кейін үйіне қайтып оралмаған.
Наргизаның жақындары сол уақытта ішкі істер органдары мен прокуратураға шағымданып барған болатын.
2012 жылы аудан прокуратурасы адам ұрлау қылмысы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізді. Бірақ оны жүргізу барысында қылмысты жасаған адамның нақты дерегі табылмағаннан кейін істі бірнеше рет жауып, тергеу әрекеттерін тоқтатып тастады.
2020 жылы Бас прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен Ғиёсова Наргизаға қатысты аталмыш қылмыстық іс қайта қолға алынды. Оның тергеу Ташкент қалалық прокуратурасына тапсырылды.
Тергеу-сұрастыру нәтижесінде Наргизаны өгей әкесі, 1984 жылы Сурхандария облысында туған Тухтаев Санжарбектің тұншықтырып өлтіріп, қала сыртындағы бір үйдің жертөлесіне көміп тастағаны анықталды.
Ташкент облыстық соты Тухтаев Санжарбекті 20 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырды.