Қызылордалық әкім «Үздік ауыл әкімі» атағын жеңіп алды
ҚЫЗЫЛОРДА. 20 қазан. Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауылдық округінің әкімі Қанат Ниетқұлов республикалық «Үздік ауыл әкімі» конкурсының жеңімпазы болды. Бұл туралы облыстық қызмет істері агенттігі департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Конкурста қызылордалық әкім «Үздік әлеуметтік жоба» аталымының иегері атанған.
Байқау Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен биыл екінші рет өткізілді. Оның өңірлік кезеңіне 100-ден астам ауыл әкімі өтінім берсе, республикалық кезеңде әрбір облыстың үздік атанған ауылдық округ әкімдері бақтарын сынады.
Конкурс ережесіне сәйкес, республикалық кезеңде ауыл әкімдері ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағдайын жақсартуға және жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған әлеуметтік жобаларын қорғауы тиіс болатын.
Қанат Ниетқұлов республикалық комиссия назарына, алдағы үш жыл көлемінде ауылдық округте жүзеге асырылатын жалпы жобалық құны 340 млн теңгені құрайтын «Күріш ақтау зауыты мен жем өңдеу цехы», «Күйдірілген кірпіш зауыты» және «Балалар ойын алаңы» жобаларын ұсынып, комиссия мүшелерінің оң бағаларына ие болды.
Республикалық байқауда аймақ намысын қорғаған Қанат Ниетқұлов 2018 жылдан бері Ақсу ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді. Ауылдық округте 328 отбасы бар, халық саны 1720 адамды құрайды. Қазіргі таңда ауыл бойынша жұмыссыздар саны 7 адам болса, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны бар-жоғы 4 адам ғана болып отыр.