Арақтан қайтыс болған қазақ отбасында 5 бала жетім қалды
ОРЫНБОР. 10 қазан. Орынбор облысының Ясный ауданындағы «Ақжар» ауылында қолдан жасалған арақтан қайтыс болған ерлі-зайыпты екі қазақтың соңдарында 5 бала жетім қалды. Бұл туралы Orunday.ru хабарлады.
Кеше облыстың Домбар ауданының Красный Чабан селолық кеңесінде, Ясный ауданының Ақжар селолық кеңесі мен Адам ауданының Жасай ауылдық кеңесінде соңғы екі күнде суррогат алкогольден қайтыс болған адамдарды жер қойнына беру рәсімі болды.
Елді мекендер атауларына қарағанда, оларда тұратын жандардың дені қазақтар екенін байқауға болады.
Соңғы мәлімет бойынша, Орынбор облысының оңтүстік-шығысындағы Ор қаласына жақын маңдағы аудандары мен ауылдарында қолдан жасалған метанолды ащы судың зәрінен барлығы 18 адам жантәсілім еткен, тағы осыншама адам ауыр хәлде кеселханаларда жатыр.
Алкоголь бұл ауылдарға Ор қаласынан жеткізілген болып шықты. Қазір аталмыш суррогатты жасауға қатысы барлардың барлығы қамауға алынды. Ал уланып қалғандар ем алып жатқан ауруханалардан күн сайын жаманатты хабарлар жетуде. Дәрігерлер өлім шақыратын у алдында дәрменсіз болып отыр.
Домбар ауданының әкімі кеше Красный Чабан селосында осыған байланысты жиын өткізді. Ол қаза тапқандарды жерлеуге, оның түрлі ритуалдарына көмек көрсетті.
«Қайтыс болғандардың бәрі негізінен – тұрмыстары төмен отбасыларынан, олардың арасында жастары 70-тен асып кеткен әже мен ата да бар. Бір үйдің 65-тегі ақсақалы мен оның 40-тағы ұлы да осы зәрден уланғандар қатарынан табылды, – деді жиында 600 адам тұратын Красный Чабан селолық кеңесінің басшысы Мұрат Сүйенбаев. – Олардың бәрі спиртті ішімдікті ауылдағы азық-түлік дүкенінен сатып алған. Қазіргі таңда оны сатқызған кәсіпкердің әйелі ұсталды. Кәсіпкердің өзі түсіндіргендей, ол спиртті ішімдікті Ордағы сауда-сатып алу базасынан алған. Бұрын селода мұндай жағдай ешқашан болған жоқ».
Ясный ауданындағы Ақжар селосында 600 адам тіркелгенімен, нақты 320 адам тұрады. Дәл қазір бұл ауылдан 6 адамның өлгені белгілі болып отыр. Мұнда екі жігіт кабель жүргізу үшін іссапарға келіпті. Шамасы, жұмыстан кейін шаршаса керек, екеуі арақ ішуге ұйғарым жасапты. Екеуі де мүрдем кеткен. Тағы бір зейнеткер кемпірімен бірге жұтып тұрғанды тәуір көреді екен. Шалы кетіп, кемпірі қалған. Тағы бір ер кісіге бұл арақтың қауіпті екені бұрнағы күні ескертіліпті. Бірақ ол мұны қаперге алмаған. Нәтижесінде ертеңіне есігінің алдында өлігі табылған. Ал қалған екеуі ерлі-зайыпты жас отбасы егелері болып шықты.
«Бірақ бәрінен де ауыр тиетіні – ерлі-зайыпты екеудің арақтан ажал табуы салдарынан бес бірдей баланың жетім қалғаны болды, осы жүректі қатты ауыртады. «Ақжарда» үлкен қайғы орын алды – 6 қазан күні арақтан қайтыс болған ерлі-зайыпты Мұрат пен Айсұлудың соңдарында 1 жастан 10 жасқа дейінгі бес бала аңырып жетім қалды. Отағасының жасы 41-де болса, оның жұбайы 39-да. Олардың екі үлкен қыздары мектепке барып жүрсе, қалғандарымен анасы үйде отырыпты. Сол күні балалар ата-аналарымен бірге үйде болған. Қазір бесеуін де әкелерінің туған әпкесі қолына алыпты. Қайтыс болған ерлі-зайыпты да өз үйлерінің жөндеуі біткенше осы үйде уақытша тұрып келген екен», – деп жазады сайт бұдан әрі.
«Орташа табысты, көп балалы отбасы. Осында 20 жылдан бері тұрып келеді. Олар араққа салынып, запойға кететін адамдар емес еді. Балалары ылғи күтімді болып, тап-таза жүретін», – дейді Ясный қалалық кеңесінің бас маманы Татьяна Бирюкова.
Орынбор облысындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Анжелика Линькованың айтуынша, жетім қалған балаларды олардың тәтелері қамқоршы ретінде асырап алуға әрекет жасап жатыр екен, осыған байланысты өтінішін де беріп қойыпты.