Қолдан жасалған арақтан 17 адам уланып өлді
ОРЫНБОР. 8 қазан. Ресейдің Орынбор облысында қолдан жасалған суррогат арақтан 17 адам қайтыс болды. Бұл туралы Orenday.ru хабарлады.
Оқиға облыстың шығысында орын алған. Бүгін таңертең суррогат ішімдіктен 22 адамның зардап шегіп, олардың 14-і ажал құшқаны баяндалса, түске таман зарар көргендер саны 33-ке жетіп, 17 адамның жантәсілім еткені айғақталды.
Осыған байланысты өткен жедел штаб отырысында біршама жайлар анықталды. Талдамалар жұртты азапқа түсіріп, өлімге айдап салған биологиялық сұйықтықта таза метанол – таза у бар екенін көрсетті. Кейбір жағдайларда оның организмдегі концентраты 3-5 есеге дейін асып кеткен.
Қазір аймақта облыстың үздік наркологтары мен реаниматологтары жұмыс жасап жатыр. Өңірдің денсаулық сақтау министрі Татьяна Савинкова тұрғындарға қазіргі ахуалды түсіндірді.
Тергеушілер өз кезегінде осы оқиғаға тікелей қатыстары бар адамдарды іздеп тапты. Олар қолдан арақ жасаған төрт адамды қолға түсірді. Олар шығыс өңірдің әртүрлі елді мекендерінде тұратын болып шықты.