Зеленский Ресеймен арада соғыс болуы мүмкін екенін айтты
КИЕВ. 11 қыркүйек. Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен арада кең ауқымды соғыс болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл туралы «Неміс толқыны» радиосы хабарлады.
Украина басшысы мұндай қауіптің бар екенін 10 қыркүйекте Киевте өткен форумда модератор қойған сұраққа берген жауабында айтты. «Мен мұндай болуы мүмкін деп есептеймін. Бұл тақырыпта ықтималдылық бар… Ол Ресейдің ең үлкен қателігі болмақ, бұдан кейін Ресей, Украина, Беларусь бір-бірімен ешқашан көрші болып тұра алмайды», – деді Зеленский.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас жайына келгенде, украин президенті Мәскеудің медиа кеңістікте жасап отырған жұмысын қатты сынға алды. «Мәселе мынада, Ресейдің қазіргі ақпарат саясаты Украинаның өзіндік келбетін сыйламаудан тұрады. Мәселе «орыс әлемі» дегенді шығарып алып, әлдеқандай бір саяси технологияны пайдалануда да емес, гәп осыдан кейін украин халқының орыстарға деген қатынасының бұзылғанында болып отыр», – деп атап өтті ол.
Владимир Зеленский осы тұрғыда ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін жеткізді. Бірақ бұл кездесу пәндік сипатта өтуі тиіс, яғни нақты мәселе шешетін болуы керек. «Мені бәрінен бұрын нақты мәселелер шешетін кездесу қызықтырады. Оның басқа бірқатар елдер басшыларымен өткізіп жүрген көз алдау кездесуінің керегі жоқ, бізге пәндік кездесу керек», – деп түйіндеді сосын украин лидері.