Қазақ әншісі Рухия Байдүкен «Славян базарының» жеңімпазы атанды
19 шілде. ВИТЕБСК. Кеше түнде Беларусьтің Витебск қаласында мәреге жеткен «Славян базары» конкурсында қазақтың әнші қызы Рухия Байдүкен Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы БелТА хабарлады.
«Эстрадалық әндерді орындаушылар конкурсының Гран-приін Қазақстан өкілі үйіне әкетеді, оған «Славян базары Витебскіде» Халықаралық XXX өнер фестивалінің жабылу салтанатында қалаулы «Лира» табыс етілді», – делінген агенттік хабарламасында.
Жас орындаушылар конкурсының бас жүлдесі үшін талас тартысты жағдайда өтті. Вокалшылар славян хитін Беларусь Республикасы президентінің бас дирижер Виталий Кульбаковтың басшылығындағы оркестрінің сүйемелдеуімен орындады.
Осы тартысты таласта Қазақстан әншісі Рухия Байдүкеннің жұлдызы жанды. Ол ақыр соңында бәсекелестерінің бәрінен оқ бойы озып кетті. Үздік орындаушыға Гран-при жүлдесін алқа төрағасы Анатолий Ярмоленко тапсырды. Бірінші орынды Сербиядан келген Ирина Арсениевич жеңіп алды. Екінші орынға белорус Даниил Мышковец пен украин Рената Штифель көтерілді. Үшінші орынды словак Иванна мен әзербайжан Тофик Гаджиев өзара бөлісті.
Алқа мүшелері Гран-придің кімге берілетіні жөнінде кеңесіп жатқан кезде көрермендер алдында Беларусь, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан әншілері концерт қойды. Ал ең соңынан сахнаға Димаш Құдайберген көтерілген кезде зал шапалақтар жаңғырығынан жарылып кете жаздады. Ол бұл жолы конкурсқа алқа мүшесі ретінде қатысты.
Мамандар Рухияның дауысын бесінше октавалы деп бағалап жатыр. Ол – Талдықорған қаласының тұрғыны.