Түркістандағы «Керуен-сарайдың» төбесі құлағаны рас па?
ТҮРКІСТАН. 29 маусым. Түркістан облыстық әкімдігі «Керуен-сарайдың» төбесінің құлауы жайында түсіндірме берді. Бұл турады Tengrinews.kz хабарлады.
Мұның алдында «Керуен-сарай» ғимараттарының бірінің төбесі құлап, жерге түскенін түсірілген видео әлеуметтік желіге шыққан болатын.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов нысанда қазір жоспарлы жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде Түркістандағы «Керуен-сарай» төбесінің құлағаны түсірілген видео тарап жатыр. Нысан басшылығының өтініші бойынша келушілер қауіпсіздігі сақтала отырып, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желі пайдаланушыларынан жалған ақпарат таратпауды сұраймын. Нысан жеке инвестициялар есебінен салынғанын еске салайын. Құрылыстың сапасына инвестор жауапты». – деп жазды облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, «Керуен-сарайдың» төбесі құламаған, бұл мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатуы кезінде арнайы алынып тасталған. Бірақ бұған дейін де аталмыш нысанның әр жері бүлінгені туралы ақпарлар бірнеше мәрте тараған болатын.
Аса ірі көп функционалды «Керуен-сарай» кешенінің ашылуы биылғы 10 сәуірде өтті.