Моңғолия президент сайлауында Ухнаагийн Хурэлсух жеңіске жетті
УЛАН-БААТОР. 11 маусым. Моңғолияда өткен жалпыұлттық президент сайлауында билік басындағы Моңғолия халық партиясының төрағасы Ухнаагийн Хурэлсух жеңіске жетті. Бұл туралы montsame.mn хабарлады.
Түнде жергілікті сағат 23:00 кезінде Хурэлсух үшін 776 мың сайлаушының дауыс бергені анықталды. Ал экс-депутат Дангаасурэнгийн Энхбат 235 мың дауыс жинады. Сол сияқты оппозициялық Демократиялық партияның басшысы Содномзундуйн Эрдэнэ 67 мың сайлаушының сеніміне ие болды.
Бас сайлау комиссиясының есебі бойынша, сайлау учаскелері жабылғанға дейін дауыс беруге құқықтары бар 2 миллионнан астам адамның 1,17 миллионы дауыс беріп үлгерді. Келущілер саны 52,69 пайызды құрады.
Биылғы сайлау Конституцияға 2019 жылы енгізілген өзгерістерден кейін өткізілген бірінші президент сайлауы болды. Бұрын президент 4 жылға сайланып, тағы бір рет сайлауға түсе алатын. Ал түзетуден кейін мемлекет басшысы 6 жылға бір рет сайлана алатын болды. Осы себеппен елдің 2017 жылы сайланған президенті Халтмаагийн Баттулга сайлау жарысына қатыса алмады.