АЛМАТЫ. 11 қыркүйек. Алматыда қазір қолданыстағы метро желісі қаланың батыс қапталындағы «Барлық» базарына дейін ұзартылатын болады. Бұл туралы kazinform.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясына қатысқан Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оңтүстік мегаполисте іске асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды.
Қала басшысының айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін «Қалқаман» метро бекеті ашылады. Сондай-ақ бұл станциядан «Барлық» базарына дейінгі желінің құрылысы басталған.
«Метрополитенді кезең-кезеңмен дамытып келеміз. «Барлық» станциясына дейінгі метро желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желіні жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Алматы қаласының әкімі көлік инфрақұрылым дамытудың келесі маңызды кезеңі – Skytrain екеніне назар аударды. Мэрдің айтуынша, жоба келесі жылы қолға алынады.
Сессия барысында Алматы қаласы экономика және қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Құдайбергенов қала басшысы атап өткен жобаларға қанша қаражат қарастырылғанын нақтылады. Атап айтқанда, «Қалқаман» бекетін іске қосу жұмыстарына 1,1 млрд теңге бөлінеді. Ал одан «Барлық» базарына дейінгі метро желісінің құрылысы үшін жергілікті бюджеттен 243 млн теңге, ал инфрақұрылымды дамыту қорынан 45 млрд теңге жұмсалады. «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150 млн теңге қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін үш бағыттары Алматы метросы қалай қарай тартылатыны жазылған болатын.
Сондай-ақ Райымбек даңғылындағы BRT құрылысы Almaty SkyTrain жобасын іске асыруға байланысты кейінге шегерілгенін жазған едік.
Сөз соңында айта кетейік, Skytrain деген – жеңіл рельсті көлік (ЛРТ). Ол ағылшынша «Light Rail Transit» деп аталады. Ондай желі қазір біздің елімізде Астанада ғана бар.
USD




