Қазан университетінде татар тілі тегін үйретіле бастады
ҚАЗАН. 27 ақпан. Бұрнағы күні Қазан федералды университетінде татар тілін тегін үйрету курстары сабақтары басталып кетті. Бұл туралы «Национальный акцент» сайты хабарлады.
Курсқа 1026 адам жазылды. Сөйтіп, тыңдаушылар саны бұдан бір жылғы мөлшерден 10 есеге асып түсті. Олардың арасында тек татарлар ғана емес, сонымен қатар орыс, мари, мордва, чуваш ұлттарының өкілдері де бар.
Университет бұл жолы курсты Татарстан президенті жанындағы татар тілін сақтау мен дамыту мәселелері жөніндегі комиссиямен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Курстар Қазан, Елабұға және Чаллы (Набережные Челны) қалаларында 2021 жылдың 25 ақпанынан 28 мамырына дейін жұмыс істейді.
Сабаққа жастары 7-ден 70-ке дейінгі аралықтағы мектеп оқушылары, студенттер, әртүрлі мамандықтардың иелері және зейнеткерлер жазылған.
«Бүгінгі таңда курсқа 1056 адам жазылып отыр. Олардың 700-і – Қазан қаласынан, 100-ге жуығы – Елабұға және Чаллы қалаларынан. Осыған байланысты осы қалаларда бір-бір топ ашылды. Бұдан бөлек, курсқа алдын ала тіркелместен келіп қатысып жатқандар бар. Сондықтан оқып жатқандар санын қазір дәл айту қиын. Бірақ татар тілін үйренуге деген серпін бар екені анық байқалады», – деді университеттің кафедра меңгерушісі, «Каюм Насыри институтының» директоры Альфия Юсупова.
Тыңдаушылар бастапқы деңгей, орта деңгей және соңғы дәреже деп аталатын үш кезеңге бөлініп оқытылады.