Комплаенс қызметтерін енгізу жөнінде семинар өткізілді
НҰР-СҰЛТАН. 18 ақпан. Бүгін «Antikor Ortalyǵy» алаңында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен елорданың квазимемлекеттік секторларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша оқыту семинары өткізілді. Бұл туралы rast,kz хабарлады.
Семинар жұмысына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығы басшысының орынбасары Ержан Жаров, активтер және мемлекеттік сатып алу, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармаларының өкілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері қатысты. Соңғылардың ішінде «Astana «ӘКК» АҚ, «Астана Innovations» АҚ, «Астана Innovations» ЖШС, «Астана-Зеленстрой» ЖШС, «SPK Astana Development» ЖШС, «Астана орманы» ЖШС, «Астана Теплотранзит» АҚ, «Астана Тазалық» ЖШС, «Астана Энергия» АҚ, «Astana INVEST» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС, «Астана-Технополис» АЭА, «Astana Venue Management» ЖШС бар.
Квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу заңнамалық деңгейде міндеттелгенін және корпоративтік адалдық стандарттарының сақталуын бақылауды көздейтінін атап өткен жөн.
Семинарда Ержан Жаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін құру процесінде «парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» ISO 37001 халықаралық стандартын енгізу туралы айтып берді.
Сондай-ақ, спикер қатысушыларды парасатты бизнес қағидаттарын құру бойынша кешенді жұмыс жүргізу туралы хабардар етіп, ол үшін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында комплаенс-офицерлерді оқыту модульдері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша ұйымдарды сертификаттау процесі іске қосылғанын айтты.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.