Лев Яшин футбол тарихындағы үздік қақпашы деп жарияланды
ПАРИЖ. 14 желтоқсан. Кеңес Одағы құрамасының және Мәскеудің «Динамо» командасының қақпашысы Лев Яшин футбол тарихындағы ең үздік голкипер болып танылды. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» хабарлады.
Осыған сәйкес мәлімдемені француздың «France Football» журналы өзінің Twitter-аккаунтында жариялады. Ол дауыс беру жолымен жеңімпаз болып шықты. Ал дауыс беруге әлемнің әр елінен спорт журналистері қатысты. Олардың 140-ы кеңес спортшысы үшін дауыс берді. Осылайша Яшин 11 ойыншыдан құралатын «армандағы команда» құрамына кірді.
Бұған дейін Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Яшинді XX ғасырдағы ең үздік қақпашы деп жариялаған еді. Ол сондай-ақ үздік футболшылардың әртүрлі тізімдеріне еніп келді.
Яшиннің футболшылық мансабы 1950 жылы басталып, 1971 жылы аяқталды. Кәсіпқой футбошылыққа 21 жасында келген ол клубтың деңгейде өмір бойы бір ғана командада – Мәскеудің «Динамосы» сапында ойнады. Осы командамен бірге 5 рет Одақ чемпиондығына қол жеткізді.
1956 жылы КСРО құрамасы сапында Олимпиада чемпионы,1960 жылы Еуропа чемпионы атанды. 1958, 1962, 1966 жылдары әлем чемпионатына қатысып, құрама қақпасын қорғады. Ал 1970 жылғы чемпионатта запаста тұрды.
Яшин 1963 жылы әлемнің ең үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алды. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. Социалистік Еңбек Ері.