ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Сайлауда жеңген еден жуушы әйел әкім қызметіне кірісті

МӘСКЕУ. 1 қазан. Қыркүйек айының ортасында баламалы негіздегі сайлауда жеңіске жеткен ресейлік 35 жастағы еден жуушы (уборщица) Марина Удгодская бүгін Повалихино селолық мекенінің әкімі қызметіне кірісті. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Өзінің бірінші жұмыс күнінде ол өзге мекендердің басшыларымен бірге Чухлом ауданының әкімімен кездесті. Олар бәрі бірге Қарттар күнін атап өтті.

«Ресей зейнеткерлер партиясы әлеуметтік әділдік үшін» облыстық бөлімшесінің ұсынысымен сайлауға дауысқа түскен Удгодская Кострома облысы Чухлом ауданындағы Повалихино селолық мекенінің әкімдігі орны үшін өткен сайлауда ұтып шықты. Ол селодағы тұрғындарының 61,7 пайыз даусын алды. Ал «Единая Россия» партиясынан түскен іс басындағы әкім Николай Локтев бар болғаны 34,04 пайыздық дауысқа ие болды.

Марина Удгодская бұдан біраз жыл бұрын Чижов атындағы Чухлом орман шаруашылығы техникумын бітірген. Сайлау өткен кезде ол соңғы 5 жылдан бері өз селосындағы әкімшілік ғимаратында еден жуушы болып жұмыс істеп жүрген, сондай-ақ селолық депутаттар кеңесінде тұрақты негізде депутат міндетін атқарып келген.

«Марина Викторовна бүгін өзінің лауазымын атқаруға кірісті, аталмыш оқиғаға байланысты селолық кеңесте ешқандай салтанат болмайды, бұл қатардағы оқиғалардың бірі. Бүгін оның бірінші жұмыс күні, оған бірнеше маңызды шара өткізу белгіленген. Қазір, мысалы, ол Чухломға кетті, онда селолық мекендер әкімдерінің Чухлом аудандық әкімгершілігі басшысымен таныстық кездесуі болады», – деп хабарлады агенттікке сондағы мәнбе иесі.

Ол Удгодскаяның аудан орталығына өзінің жеке көлігімен кеткенін ашып айтты. «Бізде әкім үшін қызметтік көлік қарастырылмаған, сондықтан ол өз көлігін өзі айдап кетті», – деді әкімдік маманы. Күннің екінші жартысында Повалихинодағы мәдениет үйінде Қарттар күніне арналған мерекелік концерт қойылады. Удгодская онда құттықтау сөзін сөйлеуге тиіс.

Кострома облыстың әкімдігіндегілер бұдан бұрын Удгодскаяның қазан айының ортасында муниципалдық басқару жөніндегі екі күндік курста оқып алатынын мәлімдеген. Бұдан бөлек, аудандық әкімдікте оған арнайы куратор бекітіліп беріледі. Ол жас әкімге жаңа кезеңде көмек көрсететін болады.

Повалихино – Кострома облысы Чухлом ауданындағы елді мекен, онда 400-ге жуық адам тұрады. Селоның бюджеті 2 млн рубльді құрайды.

Бұған дейін «Московский комсомолец» газеті Марина Удгодскаяны редакцияның Нобель сыйлығына ұсынып жатқанын жазып еді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button