Моңғолия сыртқы істер министрі Қазақстан елшісімен кездесті
УЛАН-БАТОР. 21 қыркүйек. Жұма, 18 қыркүйек күні Моңғолия сыртқы істер министрі Н. Анхбаяр Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаевты қабылдап, екі ел арасындағы қатынас жайын талқылады. Бұл туралы «Монмацэ» агенттігі хабарлады.
Кездесу барысында Н.Анхбаяр Моңғолия мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасының соңғы кездері белсенді түрде дамып келе жатқанын әңгімеледі. Ол екі елдің арасындағы бұрыннан қалыптасқан терең тарихи және мәдени байланысы бар достық қарым-қатынастың бұдан әрі кеңейе түсуіне мүдделілік білдірді.
Моңғол министрі саяси байланысты нығайта түсу мақсатында екі елдің жоғары деңгейдегі сапарлары жиілігінің маңызы мен екі жақты сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамыта беруінің маңызы зор екенін атап өтті.
Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев өз кезегінде моңғол-қазақ қарым-қатынасын нығайта түсу мақсатында Моңғолия сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста жұмыс жасауға дайын екенін білдіре келіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың мәніне жоғары баға берді. Ол сондай-ақ Қазақстанның Моңғолиямен халықаралық және аймақтық деңгейлерде тығыз қарым-қатынас жасасуға мүдделі екенін баса айтты.