Бубка Дюплантисті әлем рекордын жаңартуымен құттықтады
КИЕВ. 18 қыркүйек. Аты аңызға айналған украин спорт жұлдызы Сергей Бубка швед саңлағы Арман Дюплантисті жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Vesti.ru хабарлады.
Шведтің 20 жасар аса талантты спортшысы Римде өткен «Бриллиант лигасында» ашық аспан астында сырықпен секіруде әлемнің жаңа рекордын жасады.
Сайыста 6 метр 15 сантиметр биікті бағындырған Арман Дюплантис, сөйтіп, Сергей Бубканың 26 жыл бойы мызғымай тұрған рекордына өзгеріс енгізді. Украин спортшысы бұл көрсеткішке 1994 жылы 31 шілде күні итальянның Сестриере қаласында керуен керген жарыста 6 метр 14 сантиметр биікке секіріп, қол жеткізген болатын.
Сергей Бубка Арманд Дюплантисті өзінің әлеуметтік желісінде құттықтады. «Әлем рекордының жаңаруымен құттықтаймын. Бұл – таңғажайып секіріс», – деп атап өтті Сергей Назарович.
Жалпы, жас швед спортшысы осымен екінші рет Бубканың рекордын жаңартып отыр. Жабық залда биікке сырықпен секіруде де Бубканың әлемдік рекорды – 6 метр 15 сантиметрлік көрсеткіші 20 жылдан астам уақыт ешкімге бағынбай тұрып еді. Оны 2014 жылы Донецкіде, Сергейдің туған қаласында өткен «Сырық жұлдыздары» турнирінде 6 метр 16 сантиметрге секірген француз Лавиллени «құлатқан» болатын. Арада алты жыл өткеннен кейін. 2020 жылғы ақпан айында швед Дюплантис оны 6 метр 17 сантиметрге жеткізіп, рекордты өсіре түсті.
Сергей Бубка көп жылдардан бері Украина ұлттық олимпиялық комитетін басқарып келеді. Ол – алты метрлік биікті бағындырған бірінші сырықпен секіруші атлет, алты әлем чемпионатында (1983, 1987, 1991, 1993, 1995, 1997) жеңіске жеткен жалғыз спортшы, 1988 жылғы Олимпиада чемпионы.
Болашақ даңқты спортшы Донецкідегі №57 мектепті оқып бітірген.